
Қала әкімі Нұрбол Нұрсағатов Шығыс, Водный, Восход кенттерінің санитарлық тазалығын тексерді, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
Аталған кенттердің санитарлық тазалығын тексеру жұмыстарына коммуналдық кәсіпорын басшылары мен қала әкімдігінің өкілдері қатысты.
Осы аумақтарға жауапты қала әкімінің бас инспекторы Азамат Таласбаевқа қала әкімі санитарлық тазалықты ретке келтіру бойынша бірқатар тапсырмаларды берді.
«Қазір қаламызға жаңа стандарттарға сай келетін қоқыс контейнерлары келді. Оларды қаланың орталығына орнатылады. Ал қолданыста болған контейнерларды сырлап, бояп қаланың шеткері аумақтарына орналастыру жұмыстарын жүргізу керек», – деді Нұрбол Нұрсағатов.
Айта кетейік, қазір қаланың тазалығын санитарлық тазалығын ретке келтіру бойынша экологиялық екіайлық тазалық акциясы жүріп жатыр. Сенбі күндері ҚТҚ полигоны қоқыстарды тұрғындардан тегін қабылдайды.
Semeynews.kz