Абай облысыҚоғамМерекеСемейТОП

Семейде Жеңіс күні мерекесі атап өтілуде

9 мамыр күні Семейдегі Жеңіс саябағында Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Оған Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев, күштік құрылымдардың басшылары, «Шығыс» өңірлік қолбашылығының офицерлері, жасұландықтар, ҰОС ардагерлері, тыл еңбеккерлері қатысты, – деп хабарлайды Semeynews.kz.

Алаңға жиналғандар соғыс даласында қаза тапқан майдангерлерді бір минут үнсіздікпен еске алып, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын шырқады.

Жиналғандар алдында сөз сөйлеген Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев Ұлы Жеңіс күнін ерекше сезіммен қарсы алған әрбір тұрғын үшін қасиетті маңызға ие екенін атап өтті.

«Біздің 100 мыңнан астам жерлестеріміз майданға шақырылды, олардың жартысына жуығы соғыс даласынан оралмады. Облыстың 52 тұрғыны Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды, 12-сі Даңқ ордендерінің толық кавалері болды. Біз оларды мақтан тұтамыз және майдан үшін бәрін, жеңіс үшін бәрін бере отырып, жанқиярлықпен жұмыс істегендерді ұмытпаймыз!» – деді Нұрлан Ұранхаев.

Биыл Ұлы Отан соғысының батырлары – Гулькин Иван Тихонович, Елистратов Сергей Алексеевич, Зарудин Юрий Федорович, Камоликов Дмитрий Тимофеевич, Косенков Иван Васильевич, Медведев Михаил Михайлович, Окунев Григорий Селиверстовичтің туғанына 100 жыл толады. Олардың есімдері Даңқ алеясында қашалып жазылған,- деп еске алды әкім.

Ол сондай-ақ қорқынышты соғыстың ауыртпалығы мен қиындығын бастан өткерген тыл еңбеккерлеріне назар аударды.

«Сіздердің әр ағарған шаштарыңыз Жеңістің батырлық жолын көрсетеді. Біздің ортақ үйімізде, өскелең ұрпақты тәрбиелеу ісінде бейбітшілік пен келісімге баға жетпес үлес қосып жүргендеріңіз қуантады. Сіздер – біздің алтын қорымызсыздар! Біздің арамызда мүмкіндігінше ұзақ болыңыздар! Отанымыз Қазақстанның және жаңадан құрылған Абай облысының жетістіктеріне, жерлестеріңіздің, достарыңыз бен туыстарыңыздың жетістіктеріне қуаныңыз», – деп құттықтады аймақ басшысы.

Іс-шара Абай облысы әкімінің эстрадалық-симфониялық оркестрінің қойылымымен және қалалық мәдениет үйінің концерттік бағдарламасымен жалғасты. Сондай-ақ, алаңда далалық ас үй ашылды, онда қонақтарға сарбаз ботқасы ұсынылды.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button