Абай облысының әкімі соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін Жеңіс күнімен құттықтады
Жеңіс күнінің 78 жылдығы қарсаңында Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің үйлеріне барып, алдағы мерекемен құттықтады, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
Алғашқылардың бірі болып облыс әкімі Ұлы Отан соғысына қатысушы 95 жастағы Екатерина Краснянскаяға барды. 1942 жылы 14 жасар жасөспірім қыз әскери госпитальға санитар ретінде жұмысқа кетті. Волхов және Ленинград майдандарында шайқастарға қатысты. “Ленинградты қорғағаны үшін”, “1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Германияны жеңгені үшін” медальдарымен, Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күніне арналған мерейтойлық медальдармен марапатталған.
Екатерина Семеновна облыс басшылығына құттықтаулары үшін алғыс айтып, барша қазақстандықтарға бейбіт аспан мен зор денсаулық тіледі.
Осы күні облыс басшысы Абай ауданының Құрметті азаматы, тыл еңбеккері Абдуали Имахановты Жеңіс күнімен құттықтады.
96 жастағы ақсақал Ұлы Отан соғысы жылдарындағы тылдағы қажырлы еңбегі үшін КСРО орденімен және көптеген медальдармен марапатталған. Ол Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа батасын берді. 10 бала тәрбиелеп өсірді. Қазір ол Семейде тұрады.
Ардагер облыс әкіміне зейіні үшін алғыс айтып, отандастарын келе жатқан мерекемен құттықтады.
Ардагерлердің әрқайсысына облыс әкімі естелік сыйлықтар табыс етті.
Semeynews.kz