Жаңа оқу жылынан бастап Абай облысының бастауыш сынып оқушылары тегін тамақтанады
2023-2024 оқу жылынан бастап Абай облысының жалпы білім беретін мектептерінің 1-4 сынып оқушылары тегін тамақпен қамтамасыз етіледі, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
Бұл туралы бүгін облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңейтілген кеңесте әкімнің орынбасары Шалқар Байбеков мәлімдеді. Ол бастауыш сынып оқушыларынан басқа, 350 балабақшада көпбалалы отбасылардан 5 700 бала тегін тамақтана алатынын атап өтті.
«Осы санаттағы балалар қосымша білім беру ұйымдарына, үйірмелер мен секцияларға тегін барады. Қамқоршыларға 600 жетім бала мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жәрдемақы төлеуге 200 млн теңге қарастырылған», – деді Шалқар Байбеков.
Оқушы орындарының тапшылығы проблемасын шешу мақсатында 2027 жылға дейін облыста 9500 орындық 18 мектеп салынады. Атап айтқанда, Семейде 5 мектеп салу жоспарлануда.
«Мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында 87 жаңа кабинет жабдықталады, сондай-ақ 11 ауылдық мектепте автобустар сатып алынады. Бұдан басқа, ағымдағы жылы 8 мектеп пен 1 балабақшаға күрделі жөндеу жүргізіліп, Абай облысының 85 мектебіне ағымдағы жөндеу жүргізіледі»,- деп атап өтті Шалқар Байбеков.
Semeynews.kz