«Елімай» ФК «Vostok Semey» тәрбиеленушілерін қабылдауға дайын
Кеше, «Восток» футзал клубының аға топтарының таратылғаны белгілі болды, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
Бұл туралы білген футбол жанкүйері Саясат Сәрсенбинов балаларды «Елімая» футбол орталығында іріктеуден өтіп көруге шақырды.
«Біздің клубтың басты бағыттарының бірі – балалар мен жасөспірімдер футболы. Қазіргі таңда бізде 300-ден астам бала айналысады: 10 ұлдар тобы және 3 қыздар тобы. Олар тегін дайындалады! Сонымен қатар, Семей тарихында тұңғыш рет облыс әкімдігінің қолдауымен барлық топтар үшін толық құрал-жабдықтар сатып аламыз! Қазір клубта 27 жаттықтырушы бар және біз әрқашан жергілікті дарынды балаларға орын таба аламыз!», – деп жазды Саясат Сәрсенбинов.
Естеріңізге сала кетейік, кеше “Vostok Semey” футзал балалар мен жасөспірімдер мектебі U19, U17, U15, U13 жас топтарының таратылғанын жариялады. Сондай-ақ, балалар Қазақстан біріншілігіне қатысудан шығарылатыны хабарланды.
Абай облысының спорт басқармасында жағдайға түсініктеме берді:
« «Vostok Semey» футзал жеке мектебі бойынша хабарлаймыз, аталған мектеп демеушілік қаражат есебінен құрылған және барлық шығындар демеушілердің есебінен жүргізілген. Мектептің жабылуына мемлекеттік органның қатысы жоқ.
Семей қаласында балалар мен жасөспірімдерге арналған футбол клубы жұмыс істейді, онда 400 адам іріктеу жүріп жатыр. Сондай-ақ жақын арада спорттың ойын түрлері бойынша олимпиадалық резервтегі балалар мен жасөспірімдер спорт мектебін құру жоспарлануда. Бұл мектепте футбол (ұлдар, қыздар), волейбол (ұлдар, қыздар), футзал (ұлдар), баскетбол (ұлдар, қыздар) сияқты спорт түрлері болады – жаттығушылардың контингенті – 450 бала. Жоғарыда аталған барлық ұйымдарда балалар жаттығуларға тегін қатысады.
Балама ретінде біз жас футболшыларға іріктеуге белсенді қатысуды ұсынамыз».
Футбол орталығының жұмысы бойынша Герман Ефим Николаевичке хабарласуға болады: +7 777 748 6889.
Semeynews.kz