Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде аймақтағы көлік-логистика мәселесін көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазіргі алмағайып кезеңде транзит-көлік коммуникациясының әлеуетін арттыру және оның мүмкіндігін барынша пайдалану аса маңызды. Себебі, біздің мемлекеттеріміз Батыс пен Шығысты, Солтүстік пен Оңтүстікті тікелей байланыстырады. Бауырлас үш ел арқылы өтетін Транскаспий халықаралық көлік дәлізі – соның жарқын мысалы. Сондықтан, біз көлік-логистика саласына ерекше мән береміз. Соңғы 15 жылда Қазақстан осы саланы дамытуға 35 миллиард доллар қаржы бөлді. Біз көлік бағдарын көбейтуге және логистиканы өзара ықпалдастыруға мүдделіміз. Сол үшін 2025 жылға дейін тағы 20 миллиард доллар инвестиция тартуды көздеп отырмыз», – деді Президент жиында.
Оның айтуынша, түркітілдес халықтардың құрлық ішіндегі көлік-транзит дәліздерін дамытуы айрықша маңызды.
«Бұл ретте сіздерді осы бағдарды барынша пайдалануға шақырамын. Транзиттік және экспорттық мүмкіндіктерімізді одан әрі жетілдірген жөн. Әсіресе, шекара бекеттерін жаңғыртуымыз керек. Сондай-ақ, қолданыстағы теміржол және автокөлік бағыттарына балама жолдар табу үшін кешенді шаралар қабылдаған абзал. Бұдан бөлек, «цифрлық көлік жүйесін» қалыптастыру аса маңызды. Бұл қадам жүкті рәсімдеу шараларын оңтайлы етеді. Оған қоса, тасымал құжаттарын жылдам алмасуға жол ашады, халықаралық нарыққа шығуға қосымша мүмкіндіктер береді», – деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Semeynews.kz