ШҚОҚоғамМерекеТОПШҚО

Жоғарғы Егінсу ауылында ҰОС қатысушыларына монумент тақта қойылды

Ұлы Отан соғысы қатысушыларының ұмытылмас ерлігін мәңгі есте сақтау мақсатында ШҚО Үржар ауданы Жоғарғы Егінсу ауылында есімдер жазылған ескерткіш тақта орнатылды, деп хабарлайды Semeynews.kz.

Ескерткіш тақтада сұрапыл соғыс жылдары майдан даласында, азаттық үшін күрескен Жоғарғы Егінсу (бұрынғы 1-Май) ауылының тұрғындарының есімдері жазылған.  Стеланың ең жоғарғы жағында Ұлы Отан соғысы орденінің және соғыс жылдарының даталары, ал жиегіне жиектелген лента орналасқан.

Ұлы Жеңістің 77жылдығына орай Жоғарғы Егінсу ауылында майдан даласынан оралмаған боздақтар мен қаза тапқан жауынгерлерге арналған мемориалдық тақта орнатылды. Жалпы Жоғарғы Егінсу (бұрынғы 1-Май ауылы)  ауылынан соғысқа 200ге тарта адам аттанған. Майданға аттанған әр  жауынгердің атын мәңгілік есте қалтыру үшін жасалған іздестіру  жұмыстары барысында ТМД және Ресейдің әскери мұрағаттарымен, ардагер ұрпақтары ұйымдарымен байланыстар жасалды.

Іздестіру жұмыстарының ұйымдастырушысы, Жоғарғы Егінсу  ауылының әкімі Айдос Байғұлжинның жетекшілігімен ауқымды жұмыстар атқарылды. Іздестіру жұмыстарының нәтижесінде бұрын белгісіз болып келген 98 боздақ есімі анықталды. Олардың ішінде 56 боздақ хабар-ошарсыз кеткен. Майдан даласында жанын берген 42 жауынгердің қаза тапқан жерлері анықталды.

Егінсу ауылының тумасы Қойшыбаев Найманбайды туыстары бірнеше жылдан бері іздеп, “Атамның аманаты “қоғамдық ұйымы арқылы тауып, немересі, Бармақова Гүлзада Кенжеқарақызы атасының есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында өтініш білдірген.

  • Осы орайда ауыл әкімі Айдос Оразмұхамедұлымен ақылдаса отырып, іздестіру барысында анықталған аға буынның есімдерін мәңгілікке қалдыру мақсатында есімдері жазылған мемориалдық тақта орнатуды шештік. “Ер есімі -ел есінде ” атты акциясы аясында ұрпаққа  үлгі боларлық шара ұйымдастырдық,  – деді Зауреш Жұмағалиқызы Алшынбаева.

Монумент тақтаның жасалынуына жергілікті кәсіпкерлер,  Егінсу орта мектебін 20 жыл , 50 жыл бұрын аяқтаған түлектері, ҰОС ардагерлерінің ұрпақтары қаржылай көмек көрсетті. Кәсіпкер Нұрланбек Байжұманов естелік тақтаның жасалынуы мен игі іске негізгі күш шығарған азамат.

Бүгінгі ұрпақ ардагерлер танытқан ерліктен үлгі алатыны сөзсіз, акция барысында мектеп әкімшілігі дайындаған “Батырларға тағзым ” шеруі өтті. Майдан даласында достықтың үлгісін көрсеткен майдангер ұрпақтары: Ордахан Жүнісовке, Темірбек Қуанышбековке, Мұқаш Күнтішовке алғыс хаттар табысталды.

Сонымен қатар, Ана аманатын орындаған Гүлзада Бармақоваға, Гүлбаран Лақбаеваға арнайы құттықтау хаты табысталды. ҰОС ардагерлеріне арналған ескерткіш басына ұрпақтар атынан гүл шоқтары қойылып, тағзым жасалды, қатысушыларға концерттік бағдарлама қойылды.

Айтып өтейік, «Аталар аманаты» қоғамдық қорының Үржар ауданы бойынша кординаторы Рысхан Жағыпарқызы Жанкүшікованың басшылығымен жасалған  бастама бізді өткен тарихты білуге, оны келешек ұрпаққа аманаттауды үйретті. Ауқымды да жауапкершілігі мол осындай өнегелі шаралардың тамаша қорытындылануының өзі ауылымыздың береке -бірлігін көрсетті, қатысушылардың ата-баба ерлігін қадірлеуіне деген құрмет белгісі айқын көрінді, мектептің тәрбие ісі меңгерушісі Бақытжан Шатырбаевтың, тәлімгер Дастан Әмірбаевтың, мектеп басшысы Айдын Толықбаевтың, мектеп ұжымының атқарған істеріне ауыл тұрғындары риза.

Ахметали Ниязғалиев,

Егінсу орта мектебінің 9-сынып оқушысы

ШҚО Үржар ауданы, Жоғарғы Егінсу ауылы

Осы айдарда

Back to top button