ШҚО-да Қабанбай батыр мемориалы өтуде
Семейде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ерлер мен әйелдер арасында спорттық және жауынгерлік самбодан Қабанбай батыр мемориалы дәстүрлі республикалық турнирі өтуде, деп хабарлайды Semeynews.kz.
Дарабоз батырға арналған жарыс биыл дәстүрлі түрде 21-ші мәрте ұйымдастырылып отыр. Бұл жарысты Қабанбай батырдың келесі жылы аталып өтілетін 330 жылдығының бастамасы деуге болады. Жарыстың ашылу салтанаты өтіп, Семей қаласы әкімінің орынбасары Айдар Садырбаев, Шығыс Қазақстан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Серік Құсұмбаев қатысты.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасы спорттық және жауынгерлік самбо федерациясының президенті Айдос Ақжанов, Қазақстанға еңбегі сіңген қоғам қайраткері, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, халықаралық «Қабанбай» қоғамдық қорының президенті Құсман Шалабаев Қабанбай батыр мемориалының құрметті қонақтары болды.
Жарыстың ашылу салтанатында Грецияның Салоники қаласында самбо күресінен өткен жастар арасындағы Әлем чемпионатының қола жүлдегерлері – Есентай Имаханов, Нұрым Қайроллин, Ажар Асхат, Ташкент қаласындағы Әлем чемпионатының күміс жүлдегері – Райхан Мәдиге құрмет көрсетілді.
Жарыстың бірінші күнінде Жақсылық Үшкемпіров атындағы Семей спорт академиясының спортшылары бірқатар салмақтарда топ жарып, жүлдегер атанды. Ерлер арасында 53 келіде Сұңғат Нұрлатұлы, 64 келіде Есентай Имаханов чемпион атанса, 79 келіде Роллан Саятов, 98 келіде Дидар Көпжасар қола жүлдегер атанды. Ал әйелдер арасында 72 келіде Ажар Асхат Қабанбай батыр мемориалының чемпионы атанды. Жауынгерлік самбодан Семен Қаратаев 58 келіде қолаға қол созса, 88 келіде Асылбек Смаилов турнир чемпионы болды.
Semeynews.kz