ШҚОҚоғамОқиғаТОП

ШҚО-да жол апаттарынан биыл 86 адам көз жұмды

Шығыс Қазақстан облысында жыл басынан бері жол апаттарынан 86 адам қаза болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңір бойынша биыл 580 жол-көлік оқиғасы тіркелкен. Соның салдарынан 86 адам қаза болып, 792 адам түрлі жарақат алды.

Көп жағдайда оқыс оқиғаның себебі – жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзудан болып жатады. Осы ретте, тәртіп сақшылары жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жол-көлік инфрақұрылымын жақсарту және жол қозғалысын ұйымдастыру деңгейін арттыру мәселелеріне ерекше көңіл бөлуде.

«Әсіресе көшелер мен тасжолдарға тексеру жүргізуге, анықталған кемшіліктерді жоюға ұйғарым беруге аса маңыз аударылған. Былтыр департамент өкілдері 4 000-нан астам тексеру жүргізді. Соның нәтижелері бойынша бұзушылықтарға жол берген 225 жол қызметінің басшылары әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелдеріне 74 жарықдиодты белгілер орнатылды», – деді облыстық ПД бастығы Сағат Мәдиев.

Оның айтуынша, биыл республикалық маңызы бар тасжолдарды (Алматы-Өскемен, Омбы-Майқапшағай) және елді мекендердің көше жолдарын реконструкциялау бойынша бірқатар жобалар іске асырылуда.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button