Семейде Семей сынақ полигонының жабылуына арналған халықаралық конференция өтті
Конференцияда «Семей ядролық полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» ҚР Заңын жүзеге асырудың келешегі және проблемалық тұстары қаралды, деп хабарлайды Semeynews.kz.

Конференция Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және Семей сынақ полигонының жабылуының 30 жылдығына арналды.
Конференцияға Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтың атынан Семей қаласының әкімі Бақытжан Байахметов қатысты.
«Әлемге Ұлы ойшыл – Абайды, данышпан Шәкәрім мен мұхит ойлы Мұхтарды сыйлаған текті топырақта, қиын жылдары бақытсыздыққа ұшыраған ағаларымыз бен әпкелерімізді қабылдап, оларды құшағына алып жылытқан қасиетті жерде, осы конференцияда басымызды қосуымыз кездейсоқ емес. Семей жерінде адамзаттың ғылыми жетістіктері үшін көптеген ауыр сынақтар өткізілді. Мемлекет басшысының қолдауының арқасында тыныштық орнап, бүгін Семей қаласы Қазақстанның тарихи және рухани орталығына айналды», – деп атап өтті Бақытжан Байахметов.
40 жыл ішінде Семей сынақ полигонында 473 ядролық жарылыс болды. Қазақстан аумағында болған барлық ядролық жарылыстардың жалпы суммарлық қуаттылығы 50 мегатоннан асты. Радиоактивті қалдықтар 1,7 млн. адам тұратын 304 мың шаршы шақырым аумаққа таралды. Семей облысы экологиялық апат аймағына айналды. Бүкіл аумақ жарылыс өнімдерімен ластанды, миллионнан астам адам түрлі диапазон дозасында радиация сәулесін алды.
«Алайда, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев шешуші қадам жасап, ядролық қаруды сынауға мораторий жариялады. 1991 жылғы 29 тамызда Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халқының қолдауымен қауіпсіз болашаққа қадам бастап, Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы № 409 Жарлыққа қол қойды», – деді шаһар басшысы.
Конференцияға Ресей Федерациясының делегаттары, «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысы филиалдарының, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының және ұкіметтік емес ұйымдардық өкілдері қатысты.
Видеоконференция режімінде конференцияға қатысушыларды Қазақстанның қоғамдық-саяси қайраткері, ақын, жазушы, «Невада» антиядролық қозғалысының жетекшісі Олжас Сүлейменов құттықтап, тарихи естеліктерімен бөлісті. Оның айтуынша, сынақ полигонын жауып, біз миллиондаған өмірлерді радиологиялық сәуледен құтқарып қалдық.
Қатысушылар өз кезегінде Семей ядролық полигонының қоршаған ортаға, адам денсаулығына әсері, полигонды жабудың тарихи фактілері, Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасының ядролық қаруды таратпау саласындағы рөлі туралы айтты.
Семей қалалық әкімдігінің қолдауымен конференция қонақтарына арнап Жидебай және Курчатов қаласына саяхат ұйымдастырылды.
Semeynews.kz