Абай облысының Кәсіпкерлер Палатасы бизнеске қалай көмектесе алады

“Атамекен” ҰКП-ның өңірлік филиалы кәсіпкерлікті дамытуға, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауға, НҚА сараптамасына, саланы дамыту бойынша ұсыныстар әзірлеуге, кәсіпкерлердің құзыретін арттыруға, өңіраралық салалық өзара іс-қимылға кедергі келтіретін өзекті проблемалық мәселелерді анықтауға және шешуге басты назар аударады, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
Абай облысының ӨКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында Абай облысының Кәсіпкерлер Палатасы төрағасының міндетін атқарушы Әлия Жүрсімбаева атап өткендей, жыл басынан бері облыста 72 кәсіпкердің құқығы қорғалған.
- Негізінен кәсіпкерлерден шағымдар мемлекеттік сатып алулар және оларды өткізу рәсімі, тапсырыс беруші тарапынан шарттық қатынастарды орындамау, салықтық әкімшілендіру, жерді пайдалану, кеден мәселелері бойынша да келіп түседі, – деп атап өтті Әлия Жүрсімбаева.
Оның айтуынша, Аймауытов көшесіндегі жерасты өткелінде жұмыс істейтін кәсіпкерлер палатаға ұжымдық өтініш білдірудің нәтижесінде өз құқықтарын қорғап қалған.
- Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі Аймауытов көшесіндегі кәсіпкерлерге жерасты өткелдеріндегі сауда алаңдарын босату туралы хабарламалар жіберген. Біздің тарапымыздан қабылданған шаралардан кейін мемлекеттік органның хабарламаларының заңсыз екендігі дәлелденді. Нәтижесінде мемлекеттік органның хабарламалары кері қайтарылып, кәсіпкерлер өз орындарында қалды, – деді Әлия Жүрсімбаева.
Палата қызметінің негізгі түрлерінің бірі – кәсіпкерлерге консультациялық көмек көрсету. Мысалы, кәсіпкерлікті қаржылай емес қолдау бойынша 2023 жылдың I тоқсанында 172 қызмет, барлығы 1436 ақпараттық-кеңес көрсетілген.
- Шағын және орта бизнес арасында мемлекет қолдауы және кәсіпкерлікті дамыту шаралары туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта біз 214,2 млн теңгені құрайтын 44 жоба бойынша жұмыс істейміз, оның ішінде 59,4 млн теңгеге 10 жоба іске асырылды. Сондай-ақ “Аграрлық кредиттік корпорация” арқылы 45 млн. теңгеге бір кредит беру жобасы іске асырылды. Бизнес жобаларды іске асыру барысында проблемалық мәселелер туындаған жоқ, – деп толықтырды Әлия Жүрсімбаева.
Semeynews.kz