ҚоғамСемейТОП

Абай және Әсет

филология ғылымдарының кандидаты Ж.Ж.Аитова

Абайдың ақын шәкірттерінің арасында әнімен де, сәнімен де танылған дара тұлға – Әсет. Ол Абайдың өлең мен әнге қояр талабын құстың қос қанатындай бірге өрілте алып жүрді. Оның Әсеттің ғибраттық поэзиясындағы өлеңдеріне әр беріп, рухани жағынан қабысып тұрғанын аңғарамыз. Және де ұлтты өткен ғасыр басында толғандырған ұлттық эстетика мәселесін өлеңнің бір ғана шумағына сыйдыра білу шеберлігі де бар. Абайдың : «Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп, Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы» түріндегі өлең сөзге қойған талабы Әсет тарапынан :

«Айтқанға өлең өнер жөнін біліп, Қисыны түзу келсе ішке кіріп» ,- деп басқаша қырынан танылады.

Абай өткендегілердің өнегілі істерін өз тарапынан жалғастырып қана қоймай, замана талабына сай келетін бүгіннің өнерге, поэзияға қойып отырып талаптарын терең ұғынып, өзгеден, яғни Батыстан орыс әдебиеті арқылы өзі ғана үйреніп қойған жоқ. Артынан ерген шәкірттерін де, өзгенің тозығынан жиреніп, озығынан тәлім алуға ақылмандықпен жетеледі. Замананың хал-күйінің Абайды тебіренткен, толғантқан, ашу-ызасын келтірген отаршылдық әлегін суреттеу дағдысын шәкірттері де іліп әкетіп, замана тіршілігінің шынайы бейнесін ашатын өнер құдіретіне өздерінің де үлестерін қосты.
Ел көкейіндегі өзекті тақырыптың көзге көрінбейтін тереңіне оймен бойлап, сөзбен сүңгіген Әсет ақын да отаршылдық нәубеті тудырған ұлт портретіндегі келеңсіздікті елінің бетіне басып, намысын жанитын семсер жырында:

Мақсатың – ойын-күлкі қыз-келіншек,

Ендігі жас, болмаңдар енді еріншек.

Сұр шекпенін сүйреткен ит қорлықта,

Отырмыз қайдан келіп біз келімсек? – деп, ұлтына рухани-саяси, патриоттық сезімді оятар сауал тастай аяқтайды. Ақын осы өлеңінің соңғы финалдық тармағындағы «біз келімсек» деген жарасымды тіркесімі арқылы халықтық ұғым-түсініктегі «өмірдің өгей баласын» философиялық тұрғыдан интерпретациялап отырған жайы бар. Яғни, сол дәуірдегі орын алған үлкен қасірет қазақтың жерінен айырылу трагедиясын бір ғана бүтіннің бөлшегі болып табылатын «келімсек» сөзінің бойына сыйғызады. Ал, өз ұстазы Абайдың табиғат лирикасына тән болып келетін кейіптеулік жандандыруды реалды шындық болмыстың дәлді суретін беруде: «сұр шекпенін сүйреткен ит қорлықта» түрінде дәуір келеңсіздігін айнытпай сипаттауда орынды қолданады.

1988 жылғы Әсет Найманбайұлының шығармалар жинағына жазған алғысөзінде Б. Нұржекеев Әсет ақын шығармашылығындағы терең мәнді бұл бетбұрысты кезеңінің тарихын: «С. Бегалиннің айтуынша Жақсылық Төленов деген кісі кезінде Әсеттің сырласы болған, біраз уақыт қасында бірге жүрген. 1945 жылы сол кісі С.Бегалин мен М.Әуезовке Абай мен Әсеттің қалай жолыққанын әңгімелеп берген. Ал ол Ж.Төленов мұны Әсеттің өз аузынан естіпті. Сол естелікке сенсек, Абай Әсеттің әнін ғана тыңдаған, алып барған адам оны әнші деп қана таныстырған, сондықтан Абайдың: «Біздің әншілердің үнінің зор, тынысының кең екенін мақтан көріп, әнді барынша өңеші қызарғанша айқайлап әсерлендірмекші болады. Ол ән емес, айқайға айналып кетеді», – деуі, ал Әсеттің: «Маған Абайдың осы сөзі өмірлік сабақ болды» – деуі де шындыққа жанасатын секілді»  – деп жазған еді.

Әсеттің өз ұстазының ұлағаты қалай алғандығын Мұхтар Әуезов : «Біз Абай мектебінің ақындарын айтқанда, сол Абай шәкірті деген атаққа лайығы бар тағы бір топ ақындар жайын әзірше жазғанымыз жоқ. Бұл қатарда алдымен аталатын Әріп ақын және Әсет сияқты әнші ақындар қатарынан шыққан ,халық ақындарынан құралған бір топ әдебиет, көркемөнер қайраткерлері бар екендігі даусыз, – дей келе өз ойын, – Ақындық ерекше үлгілері Абаймен аса жақын түйісіп отыратын тағы бір белгілі ақын Әсет болатын», – деп тұжырымдайды.

М. Әуезов ғылыми тұрғыда тұжырымдап, негізін қалаған Абайдың ақын шәкірттері концепциясынан басталған Абай тағылымының әдебиет тарихындағы жалғастығы А. Жұбановтың тамаша пікірлерінің бірінде былайша білінеді: «Өйткені Әсеттің ақындығы әншілігінен кем емес. Онда Абай айтқандай сөз арасы бөтен сөздермен былғана бермейді, өлеңдері қорытқан металдай таза келеді. Біреулер Абайдың Әсетке деген бір шумақ өлеңіне сүйене отырып, Абай Әсетті жаратпаған, ақындығын, әншілігін бағаламаған дегісі келеді. Бірақ Абай сияқты данышпанның сыны Әсеттің кейінгі уақыттағы творчестволық қимылына жақсы әсерін тигізген болуы керек» – деген пікіріндегі айтылған ғылыми жорамалы, кейінен Қайым Мұхамедханов тарапынан дәлелденгені айқын: «Әсеттің Абайды табуы 1889 жыл, 25 жастағы кезі. Әсет бұл кезде өзінің әншілік, ақындық өнерімен елге таныла бастаған уақыты болады… Абай ауылына келген соң, Абай Әсеттің ақындық бағытын жаңа арнаға салып,ақынға көп үлгі,өнеге көрсетеді. Әсет Абай ауылында орыс әдебиетінің тамаша үлгілерімен, Абай шәкірттерінің өлең, поэмаларымен танысып ақындық өнерге енді ерекше мән береді. Әр жақты өнерге ие Әсет Абай ауылына келерден бұрын әр жерді аралап, жәрмеңке, базарларда, жиын топта ән салып, айтысқа түсіп жүрген қызу жиында дәріптеу, мадақтаудан пайда болған Әсеттің мақтан сүйген, өзімшіл, менмендік мінездері Абайды қатты қынжылтады. Аса талантты Әсеттің өнер-білімді ескермей,надандықтан тапқан өрескел мінез-құлықтарын Абай аяусыз сынап, шенеп бетіне басады. Бұл жөнінде Абай 1889 жылы «Әсетке» деген өлеңін жазған» .  Ал, Б. Нұржекеев болатын болса: «Ал енді Абайдың «Әсетке» деген өлеңі барын бәріміз білеміз.Олай дейін десек, Абайды қимай; былай дейін десек, Әсетті қимай, талайымыздың басымызды қатырып келеді осы өлең»  – деп Әсет сынды ақынға бұл ащы сынды қимаса керек. Осы сипаттағы пікірді ертеректе А.Жұбанов та білдірген:

Ит көрген ешкі көзденіп,

Елірме, жынды сөзденіп,

Жасынан үлгісіз шіркін,

Не қылсын өнер ізденіп , – деген сөздер қалайша Әсетке арналмақ? «Өзімшіл, оңбаған шерміш», –дегені де соншалықты ауыр сөз. Әсетке айтылса, әрине, қиянат. Абай ондай қиянатқа бармаса керек . Осы оқиға турасында Абайдың баласы Тұрағұл өзінің «Әкем Абай туралы» естелік жазбасында Әсеттің өз ауылына 1889-1890 жылдар аралығында келгенін айтумен қатар, әкесінің «Біреуден біреу артылса» өлеңі Әсетке арналғандығынан дерек бере келіп: «Әсет терісі тар, ызақор, кісімсіген адам, соған арнап жазылған»  – дейді.

Қандай да бір ақын шәкірттікпен өзіне дейінгі дайын поэтикалық үлгілерден үйренер болса, өз бет-бейнесін жоғалтып алмайды, қайта өзінің авторлық дербестігіне қол жеткізеді. Ал өнегесіз үлгілерге еліктеп-солықтаса, қол жеткізген көркем дербестігінің құндылығы уақыт керуені өте келе, табиғи мөрі солғындап, өшіп жоғалады. Осындай барша қаламгерлерге аян шығармашылық өнеге әдебиетімізде А. Құнанбаев арқылы орнықты. Міне, сөйтіп, Абайдың жанашырлықпен айтқан қатал да, ащы сыны Әсеттің Абай түрлеген ақындық дәстүрге, қазақ әдебиетіндегі жаңа бағытқа түсуіне сеп болды.

Кейіннен өз кезегінде Әсеттің өлер алдында шығарған соңғы өлеңінде:

Абайдай арт жағына сөз қалдырып,

Жақсы еді-ау, әтеген-ай, өлу деген, – деп жырлауы тегін емес. Бұл – оның жан сыры, шерлі сыры. Сонымен бірге дүние салғалы жатқанда да оның тіліне Абай аты оралады. Өйткені, Абай поэзиясы-оның ақындық арманы, мұраты болған. Оның ойынша, Абайдың кейінгі ұрпаққа қалдырған мұрасы – өлмейтін, өшпейтін мұра. Сол мұрадан тағылым алуы Әсетті ақындық өнердің кең өрісіне, даңғыл жолына шығарды.

Осы айдарда

Back to top button