Цифрлық басқару және инновациялық даму: Шәкәрім университетіндегі семинар

Shakarim University-дің Цифрлық технологиялар және құрылыс жоғары мектебінің ұйымдастыруымен «Цифрлық жетілу: басты тәсілдер мен негізгі құрамдас бөліктер» тақырыбында семинар өтті.
Семинар барысында ұйымдардың цифрлық трансформация деңгейін бағалау әдістері, басқарушылық шешімдерді жетілдіру жолдары және инновациялық дамудың негізгі бағыттары бойынша өзекті мәселелер талқыланды. Қатысушылар цифрлық жетілу ұғымының мәні, оны білім беру және басқару үдерістеріне енгізудің тиімді тәсілдері туралы жан-жақты ақпарат алды.
Іс-шараның спикері Раил Аянович Советбаев өз баяндамасында цифрлық жетілудің негізгі бөліктеріне, цифрлық трансформацияны іске асырудың тәжірибелік құралдарына және ұйым қызметінің тиімділігін арттырудағы цифрлық шешімдердің маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, нақты мысалдар келтіріліп, тәжірибелік ұсыныстар ұсынылды.
Семинарға университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы, кафедра меңгерушілері мен студенттер қатысты. Қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға спикер жан-жақты жауап беріп, пікір алмасу алаңы қалыптасты.
Аталған семинар университеттің стратегиялық даму мақсаттарына сай өткізіліп, білім беру процесінде цифрлық технологияларды тиімді қолдану мен басқарушылық мәдениетті жетілдіруге бағытталған маңызды іс-шараның бірі болды.


