Семейде 287 ішек инфекциясы тіркелді

Абай облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, Семей қаласында ағымдағы жылдың қаңтар–шілде айлары аралығында ішек инфекциясының 287 жағдайы анықталды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Абай облысы СЭБД Семей қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Шыңғыс Чокушев хабарлады. Оның айтуынша, тіркелген жағдайлардың басым бөлігі жекелеген оқиғаларға жатады.
– Қаладағы мектептері мен балабақшалар асханаларында топтық улану фактілері тіркелмеді. Дегенмен жаз мезгілінде тамақтан улану деректері жиілейтіні белгілі. Бұған ауа температурасының жоғарылауы, микроорганизмдердің тез көбеюі және бақша дақылдарының пісіп-жетілу кезеңі әсер етеді. Көкөніс пен жемістерді жумай жеу немесе тағамды өңдеусіз пайдалану балалар мен ересектер арасында инфекцияның көбеюіне әкеледі, – деді спикер.
Мамандардың айтуынша, қаладағы білім беру ұйымдарының асханалары мен қоғамдық тамақтану нысандарына қатаң бақылау орнатылған. Жыл басынан бері құс өнімдері мен кремді тағамдар дайындайтын кәсіпкерлерге арналған 3 семинар, сондай-ақ базарларда «Тамақтан уланудың алдын алу» тақырыбында 6 акция ұйымдастырылды. Сауда орындарында 400-ден астам көрнекі құрал таратылып, өнімдердің сапасы зертханалық тексерулерден өткізілді.
— Тексеру барысында кейбір тағамдардың сақтау шарттары талапқа сай еместігі анықталды. Бұл тағам арқылы жұғатын аурулардың негізгі көзі болып табылады, — деді басқарманың жетекші маманы Дана Төленді.