ВКООбщество

ШҚО-да бір түнде 26 адам қар құрсауынан құтқарылды

Шығыс Қазақстан облысында бір түнде 26 адам қар құрсауынан құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, бірінші қоңырау «Мақаншы-Үржар» тасжолында Toyota Highlander көлігі жыраға құлап кеткен жүргізушіден түсті. Оқиға орнына келген №54 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері арнайы техникамен көлікті сүйреп шығарды. Осылайша, 3 адам Мақаншыға қарай қайта бет алған.

«Сондай-ақ «Мақаншы-Благодарное» тасжолында қарға батқан 2 көлікте 4 адам болған. Құтқарушылар бірден сол жерге жетіп оларды эвакуациялады. Дәл осындай жағдай Тарбағатай ауданындағы Ақжар-Шілікті тасжолында тіркелген. Қар құрсауында қалған 2 көліктегі 4 азаматты №52 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері маңайдағы қыстаққа жеткізді», — деп хабарлады ведомство өкілдері.

Ал «Омбы-Майқапшағай» тасжолында жолда қалған 6 көліктің ішінде «Газель» мен КамАЗ болған. Құтқарушылар көліктерді қардан шығарып, 15 адамды Зайсан қаласына дейін апарып тастады.

Жалпы 1 түннің ішінде қар құрсауында қалған 26 адам құтқарылды.

Осы айдарда

Back to top button