Абай облысында І республикалық жас скрипкашылар байқауы басталды
Абай облысында І республикалық жас скрипкашылар байқауы басталды
Бүгін Абай облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен, Қазақстандағы тұңғыш скрипка мектебінің негізін салушы, қазақ әндері мен күйлерін, қазақ композиторларының шығармаларын скрипкаға лайықтап өңдеуші, қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби скрипкашы Айткеш Толғанбаев атындағы І республикалық жас скрипкашылар байқауы басталды. Байқау екі күнге созылады.
Айткеш Толғанбаев — Қазақстан Республикасындағы кәсіпқой скрипка мектебінің негізін салушы, Алматы мемлекеттік консерваториясының доценті. Қазақ әндері мен күйлерін, қазақ композиторларының шығармаларын өңдеп, скрипкаға лайықтап жазған композитор. Классикалық шығармаларды орындаушы. Оның музыкалық шығармалары ұрпаққа асыл мұра болып, қазақ радиосының «Алтын қорында» мәңгі сақталды.
Байқау қазақтың тұңғыш кәсіби скрипкашысы, кәсіпқой скрипка мектебінің негізін қалаушы Айткеш Толғанбаевтың мұрасын халық арасында кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылуда.
Байқауға еліміздің әр өңірінен 14-21 жас аралығындағы музыкалық мектептердің тәрбиеленушілері, кәсіптік және жоғары оқу орындарының студенттері қатысуда.
Байқау үш айналымнан тұрады. Бірінші айналым: «Қазақтың Паганиниі» (қазақ әуендерінен бір туынды орындау), екінші айналым: классикалық музыка (А. Толғанбаевтың репертуарынан бір туынды орындау), үшінші айналым: еркін тақырып.
Байқаудың жеңімпаздары 25 желтоқсан күні Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармониясында өтетін Гала-концертте жарияланатын болады.