
Бүгін Ақордада Қазақстан мен Ресей Энергетика министрліктері арасында Көкшетау, Семей және Өскемен жылу электр орталықтарын салу жобалары бойынша ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік меморандумына қол қойылды, – деп хабарлайды Semeynews.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың БАҚ өкілдеріне айтуынша, аталған жылу электр орталықтарын Ресей тарапы толығымен салып беретін болады.
«Көкшетау қаласы жылу электр орталығы жобасының техникалық-экономикалық негіздемесі дайын. Осы меморандумға қол қойылғаннан кейін тиісті құрылымдар оны жүзеге асыруға кіріседі. Жобалық-сметалық құжаттамасы, келісімшарттар және басқалары қажет. Бірақ, ол таяу уақытта болады. Меніңше, келесі жылы Көкшетау ЖЭО-сы салына бастайды», – деді Роман Скляр.
Оның атап өтуінше, Семей мен Өскемен жылу электр орталықтарының техникалық-экономикалық негіздемесі әлі әзірленбеген. Үш орталық та көмірмен жұмыс істейтін болады.
Semeynews.kz