Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев Семейді абаттандыру жұмыстары жайлы айтып берді

Өңір басшысы жаяу жүргіншілердің қозғалысын ұйымдастыру, сондай-ақ, стихиялық саудаға қарсы күреске көп көңіл бөлінетінін атап өтті, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
Сонымен қатар, Нұрлан Ұранхаев көп нәрсе қала тұрғындарының өздеріне байланысты екенін айтты.
– Мен барлық жерлестерімізге айтқым келетіні – жасалған әрбір жұмысты өзгенің емес, өзіміздікі деп қарап, бағалайық. Мәдениетті болайық. Себебі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, белгілі бір нысан халық игілігіне берілгеннен кейін, келесі күні бүлінген қалыпта көру өте ұят. Сонымен қатар, біз «жабайы сауда» мәселесін шешуіміз керек. Орталық көшелердегі барлық сауда орталықтарын алып тастаймыз. Онда жұмыс істейтін адамдардың басқа жерде жұмыс істеулеріне мүмкіндік жасалады. Көгалдандыру жұмыстарын жалғастырып, жыл сайын көпжылдық өсімдіктер мен ағаштардың санын көбейтеміз, – деп атап өтті өңір басшысы.
Сонымен қатар, қаланың сыртқы келбеті – үйлердің қасбеттеріне, көшелерге, сауда нүктелеріне көбірек көңіл бөлінеді.
– Біз маңдайша жазуларға баса назар аударуымыз қажет. Бірге қаланы мәдениет ошағына айналдырайық. Ең алдымен, стихиялық саудадан бастау керек. Біз бұл мәселенің түйінін соңына дейін тарқататын боламыз. Қазан айының аяғына дейін барлық гүл павильондарын ауыстырып, жаңа әдемі қалыпқа келтіреміз. Сонымен қатар, қала орталығында көшелер тар. Біз қосымша жол белгілерін орнатамыз. Ендігі кезекте аралға бензин қозғалтқыштары бар машиналардың өтуіне тыйым салынады. Тек электромобильдерге кіруге рұқсат етіледі. Біздегі байлықты қорғауымыз қажет. Қазіргі уақытта аралдан тонна қоқыс шығарылады. Жаяу жүргіншілер үшін тағы бір көпір саламыз, – деді Нұрлан Ұранхаев.
Semeynews.kz