«Семей Орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватына өртті сөндіруге қажетті радиотехникалық жабдықтар берілді

Бүгін «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватына өртті сөндіруге аса қажетті радиотехникалық жабдықтар берілді, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
Іс-шараға Абай облысы әкімінің орынбасар Димитрий Гариков, Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының міндетін атқарушы Данияр Тұрғамбаев, БҰҰ Даму бағдарламасының тұрақты өкілі Сухроб Ходжиматов қатысты.
Радиожабдықтарды табыстау жұмыстары Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының қолдауымен жүзеге асты, бұл көмек алда да жалғасын табатын болады.
«Барлық өртке атсалысқан азаматтарға алғысымды айтқым келеді. Иә, техникалардың тозығы жеткен. Өрт кезінде техникалардың жетіспеушілігі мен ескі болуына байланысты орман өртін ауыздықтай алмадық. Қарапайым дронның өзі болмады. Бұл мәселелердің барлығын шешу үшін қажетті жұмыстарды атқаратын боламыз. БҰҰ Даму бағдарламасының қолдау көрсеткені үшін алғысымызды білдіреміз. Ары қарай да бірігіп жұмыс атқарамыз деген ойдамыз», – деді Абай облысы әкімінің орынбасары Димитрий Гариков.
Іс-шара барысында 220 аналогтық тасымалданатын радиостанция, 110 автомобиль радиостанциясы, 150 автомобиль антеннасы «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватына пайдалануға берілді. Мердігерлердің кесірінен бұрын алынбаған техникалар мен жабдықтарды сатып алу биылғы жылы бюджет тарапынан жүзеге асырылатын болады.
«Бүгінгі күні техникамен жабдықталу 92% құрайды. Оның 70% астамы тозығы жеткен. Осы жылға мемлекеттен 1,4 млрд теңге мөлшерінде қаржы бөлінген. Бұл қаражатқа 2023 жылы 51 дана өрт сөндіру техникасы, 38 кіші өрт сөндіру техникалары, 44 патрульді автокөлік алу жоспарланған. Жыл аяғына дейін толық жабдықталу жүргізіледі деп санаймыз», – деді орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасының міндетін атқарушы Данияр Тұрғамбаев.
Сондай-ақ, жиын барысында ҚР ТЖМ бұйрығымен бірқатар азаматтар «Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін» медалімен награтталды.
«Канонерка филиалы Қара-Мырза орманшылығының орман шебері болып жұмыс жасаймын. Бұл салада 2007 жылдан бастап қызмет атқарып келемін. Облыстағы алапат өртке барымызды салып көмек қолын создық. Мұндай сын сағатта бірігіп көмек көрсетпесе болмайды. Бізде өкінішке орай, техникалар өте ескі. Соның салдарынан техника өртті еңсере алмай, бірқатар қызметкерлерімізден айрылып қалдық. Рациялар осығанға дейін өте ескі болды, енді міне жаңа рациялар әкелініп отыр. Сонымен қатар, жалақымызда өте аз. Осы айдан бастап өседі деп жоспарлануда. Жақсы өзгерістер болады деген сенімдеміз», – деді Қара-Мырза орманшылығының орман шебері – мемлекеттік инспекторы Біржан Жанбубеков.
Айта кетейік, жаңадан әкелініп отырған рациялардың бұрыңғы техникадан айырмашылығы сыйымдылығы көбірек, әрі ұзаққа дейін шыдайды. Қолға ұстайтын рациялардың техникалық сипаттамасы бойынша қашықтығы 17 – 20 км аспайды.
Semeynews.kz