ВКОТОП

Волонтерлер жылы ШҚО еріктілері қандай жұмыс атқарды

Бүгін аймақ басшысы Даниал Ахметовтің төрағалығымен өткен кеңейтілген аппарат отырысында Волонтерлер жылында атқарылған жұмыстар нәтижесі баяндалды.

Волонтерлер жылы аясында еріктілерге мемлекет тарапынан ерекше қолдау көрсетілді. Белсенді жастар да қарап қалмай, «Білім», «Сабақтастық», «Саулық», «Таза әлем», «Асыл мұра», «Қамқор», «Үміт» бағыттарына негізделген өңірлік жол картасы аясында түрлі әлеуметтік жобаларды іске асырды. Мәселен, 113 волонтер ауылдық жерлердегі мектеп түлектерін ҰБТ-ға дайындауға, ағылшын тілін, компьютерлік сауаттылықтарын арттыруға атсалысты. Ал, «Қамқор» бағытында 1500-ға жуық азамат 348 іс-шара өткізген. Өңір еріктілері төтенше жағдай кезінде провизорлық стационарлардағы дәрігерлерге де көмек көрсетті. «Жылу сыйла», «Жақсы көршілер», «Мен үйдемін», «Үйде бол» деген сияқты түрлі акциялар ұйымдастырып, халыққа ерекше қолдау білдірді.

– Өткен жылы наурызда еріктілердің Аймақтық фронт-офисі құрылып, қалалар мен аудандардағы волонтерлік топтардың жұмысы жоғары дәрежеде үйлестірілді. Ерекше атап өтетін жайт, төтенше жағдай және шектеу шаралары кезінде 7 мыңға жуық волонтер жұмылдырылды. Олар 313 мыңға жуық маска тарату акцияларын өткізіп, 14 тоннадан астам гуманитарлық жүк түсіруге жәрдемдесті. «Біз біргеміз!» акциясы аясында көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, жалғыз басты қарт адамдарға арналған 31 мыңнан астам азық-түлік себеттерін жеткізді, — деді облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Азамат Мұхамедчинов.

Өткен жылы облыс волонтерлері республикалық және өңірлік деңгейдегі ауқымды жұмыстарды атқарды. Олар волонтерлік бастамаларды қолдау бойынша шағын гранттар байқауы шеңберінде жалпы сомасы 15,9 млн теңгеге 53 грантты жеңіп алды. Волонтер жылының қорытындысы бойынша облыстың 56 волонтері мемлекеттік наградалармен, ҚР Президенті Қ.К. Тоқаевтың және Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Құрмет грамоталарымен және алғыс хаттарымен марапатталды.

– Елімізде коронавирус індеті әлі басылған жоқ. Сондықтан былтырғы әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, волонтерлер жұмысын жалғастыру керек. Келесі мәселе, оқушылардың онлайн форматта оқуы. Бұл білім саласындағы күрделі мәселе. Сондықтан осынау қиын-қыстау кезеңде волонтерлар оқушылар мен студенттерге көмек қолын созуы қажет. Облыстық білім басқармасымен бірігіп, бұл мәселені шешуді тапсырамын. Волонтерлік қозғалысты бағыттарға бөлмей, нақты мәселелерді шешуге жұмылдырыңыздар, — деді Даниал Ахметов.

Өңір басшысының айтуынша, биылғы жылы облыста волонтерлер қозғалысы денсаулық сақтау, білім және әлеуметтік қорғау басқармаларымен етене жақын жұмыс істеуі керек. Сондай-ақ, Д. Ахметов Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына дайындықты қазірден бастауды тапсырды.

Айта кетейік, бүгінгі күні облыста барлығы 159 волонтерлік ұйым және топтар жұмыс істейді. Жалпы волонтерлер саны 31 817 адамды құрайды.

Осы айдарда

Back to top button