Семейлік құтқарушылар түтінге уланған екі әйелді құтқарып қалды

Семей құтқарушылары түтінге оранған пәтерден екі әйелді құтқарып қалды, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
Абай облыстық ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, 16 қазанда сағат 20:16-да кезекші пультіне 35-квартал 5-үй мекенжайындағы пәтер түтінге оранғаны туралы хабарлама түсті. Пәтер сырттан жабық болды.
Оқиға орнына N2 Өрт сөндіру бөлімінің жеке құрамнан 5 адам және 2 бірлік техника жедел шықты.
“Оқиға орнына келген қызметкерлер 3-ші қабаттағы пәтерге терезе арқылы үш тізелі баспалдақпен көтерілді. Пәтерде екі әйел болғаны анықталып, біреуі ес-түссіз болды. Өрт сөндіру қызметінің қызметкерлері алғашқы медициналық көмек көрсетіп, оларды жедел жәрдем станциясының дәрігерлеріне тапсырды”, – делінген ведомство хабарламасында.
Орын алған жағдайдын себептері анықталуда.
Semeynews.kz