ОбществоСемей

Семейде екі жігіт зейнеткерді өрттен құтқарды

Семей қаласында екі жігіт отқа оранған үйден зейнеткерді алып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шығыс Қазақстан облысы ТЖД баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 21 қаңтарда түнгі сағат 01.00-де Паровозная көшесіндегі өрт туралы хабар түскен. Бірден оқиға орнына өрт сөндірушілер аттанды.

«Жер үйдің дәлізі, ас бөлме, жиһаздар, тұрмыстық техника мен жеке заттар өртенген. Жалын 20 шаршы метр аумақты шарпыған. Құтқарушылар үйден 1 газ баллонын сыртқа шығарып үлгерді», — деп хабарлады ведомство өкілдері.

Анықталғандай, өрт сөндірушілер келіп жеткенше 70 жастағы үй иесін көршісіне қонаққа келген екі жігіт Станислав Коряковский мен Сергей Яцук құтқарып қалған.

«Өртті көрген олар еш ойланбастан көмекке ұмтылды. Жатын бөлменің терезесін балғамен сындырып, қарт кісіні сыртқа алып шыққан. Иіс тиген зейнеткерге жедел жәрдем дәрігерлері алғашқы көмек көрсетті. Қазір оның өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Бұл бейбіт күннің батырлары Станислав пен Сергейдің арқасы», — делінген ТЖД таратқан ақпаратта.

Осы айдарда

Back to top button