ҚоғамСемейТОП

Семейде тұрғын үй кезегінде 12 мыңнан астам азамат кезекте тұр

Президент қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында, мемлекет мүмкіндігінше барлық топтағы тұрғындарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге тырысатынын атап өтті, деп хабарлайды Semeynews.kz Семей қаласындағы ақпараттық орталығына сілтеме жасап.

Семейде бүгінгі күні мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға 12 052 азамат кезекте тұр, оның ішінде: көпбалалы отбасылар – 921, жетім балалар – 1664, әлеуметтік-осал азаматтар – 4185, бюджет  қызметшілері – 5256. Бұл туралы Семей әкімі Бақытжан Байахметов қала активінің отырысында мәлімдеді.

– Жыл басынан бастап 126 азамат тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға 69 пәтер берілді. Жалпы қала бойынша 363,4 мың шаршы метрді құрайтын 70 көпқабатты тұрғын үй тұрғызылуда. 8 айдың қорытындысы бойынша жалпы алаңы 40,8 мың шаршы метрді құрайтын 10 тұрғын үй, 14,1 мың шаршы метрді құрайтын 5 коммерциялық үй,  24,8 мың шаршы метрді құрайтын 5 несиелік үй, «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы шеңберінде 25 жер үй пайдалануға берілді, – деді Б.Байахметов.

Тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық саласындағы тағы да бір басты міндеттердің бірі – тұрғындарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету.

Осы мақсатта ағымдағы жылы Шақаман және Абыралы ауылдарында сумен жабдықтау желілерінің құрылысы жүргізілуде. Жалпы ұзындығы – 40,3 шақырым. Суық бұлақ кентінде ұзындығы 24 шақырымды құрайтын су құбыры желісіне қайта құру жүргізілуде. Осы мақсаттарға жоғары тұрған бюджеттерден 1,7 млрд теңге бөлінді. Жазық, Танат, Баженов және Климентьевка сынды аз тұрғынды ауылдарда суды тазалайтын және тарататын блокты-модульді стансалар орнатылды.

  • Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2025 жылға дейін Семей аймағының барлық тұрғындарын орталықтандырылған сумен жабдықтаумен қамтамасыз ету керек.

Осыған байланысты, құны 1,9 млрд теңгені, ұзындығы 34,8 шақырым құрайтын, «Шығыс кентіндегі су құбыры желісін қайта құру және кеңейту» жобасы бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды.

Восход, Бобровка, Березовский, Шаған кенттерінде, Общество слепых, Красный Кордон аудандарында, Алматы, Әуежай-Аягөз көшелері бойынша, Ақбұлақ, Половинки, Мұрат, Талица ауылдарында 8 қалалық су құбыры құрылысының, сонымен қатар Алғабас ауылындағы су құбыры желісін қайта құрудың және Гранитное ауылындағы желіні кеңейтудің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Еуропалық қайта құру және дамыту банкі желісі бойынша инвесторларды тарту шеңберінде құны 12,8 млрд теңгені құрайтын 3 жобаға келісімшарт жасалды.  5,5 шақырым су құбырының желісі қайта құрылды (Котельный-Пристанская тұйық көшелеріндегі, Батыс кентінде – Строительная көшесіндегі, Фрунзе, Дулатов көшелеріндегі жұмыстар аяқталды). Жобаны жүзеге асыру кезеңінде 1,3 млрд теңге инвестиция тартылды, 2021 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 1,1 млрд теңге игерілді, – деді қала басшысы.

Қала көшелерін жарықтандыру жүйесін модернизациялауға тоқталатын болсақ, Семейде 5,7 мың энергия үнемдейтін заманауи шамдар орнатылды. Әкімнің айтуынша, пандемия шамдар мен тіректерді жеткізуге және оларды орнату кестесіне өзіндік түзетулер енгізді. Апта басында қала әкімі қала көшелеріне энергия үнемдейтін заманауи қондырғыларды орнатуға жауапты таваньдық Everlight компаниясының өкілдерімен кездесті. Қазан айының соңына дейін 744 шкафты тіректі орнатуды жоспарлауда. Сонымен қатар, бұрындары жарық болмаған қаланың 33 көшесін жарықтандыру жоспарда бар.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button