ШҚОҚоғамТОПШҚО

С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-да ҚР Конституциясы күні қарсаңында дөңгелек үстел өтті

ҚР Конституциясының 26 жылдығы қарсаңында ҚР Конституциялық Кеңесінің қатысуымен онлайн режимде «Қазақстан Республикасының Конституциясы: құқық үстемдігінің және мемлекет тәуелсіздігінің кепілі» атты дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды Semeynews.kz.

Дөңгелек үстел жұмысына ҚР Парламенті Мәжілісінің, соттардың, прокуратураның және басқа да мемлекеттік органдардың өкілдері, университет оқытушылары мен студенттері қатысты.

Дөңгелек үстел Қазақстан Республикасы Конституциясының құқық үстемдігін қамтамасыз етудегі және Қазақстан Республикасы тәуелсіз мемлекетінің берік іргетасын қалыптастырудағы рөлін ұғынуға арналған.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Зарина Айдарханқызы Камасова, Шығыс Қазақстан облысы ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Жанат Жұмағазықызы Мекеева, Шығыс Қазақстан облыстық соты апелляциялық сот алқасының судьясы Кәкен Қалымбекұлы Сейітов, С. Аманжолов атындағы ШҚУ-дың ректоры, заң ғылымдарының кандидаты, PhD докторы, профессор Төлеген Мұхтар Әділбекұлы құттықтау сөз сөйледі.

– 1995 жылғы 30 тамызда бүкілхалықтық қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы жиырма алты жыл бойы тиімді қолданылып келеді. Тәуелсіз Қазақстанның барлық табыстары оның жоғары сапасында, онда жарияланған құндылықтарға адалдығында жатыр.

Өткен 26 жыл ішінде Қазақстан Конституциясы өзінің жоғары тиімділігін көрсетті, құқық үстемдігін және мемлекеттің тәуелсіз дамуын қамтамасыз етті. Конституцияның арқасында ширек ғасырда біздің еліміз тәуелсіз, тұрақты және демократиялық мемлекет құруда үлкен жолдан өтті. Қазақстан Конституциясы адам және азамат құқықтарының, бостандықтарының сақталуының кепілі болып табылады.

Республика Конституциясының 30-бабында бекітілген білім алу құқығы адам мен азаматтың негізгі конституциялық құқықтарының бірі болып табылады. ҚР Конституциясына сәйкес білім алу құқығы адамның бөлінбейтін құқықтары мен бостандықтарына жатады және туғаннан бастап оған тиесілі. Осы адам құқығын іске асыруды қамтамасыз етуге “Білім туралы” Заң, салалық нормативтік актілер, білім беру саласындағы мемлекеттік саясат бағытталған. Мысалы, жыл сайын жоғары білімі бар мамандарды даярлауға арналған білім беру гранттарының саны артып келеді.

Өз кезегінде, С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті білім алуға адамның конституциялық құқықтарын іске асыруды қамтамасыз етуге өз үлесін қосуда. Университет өз қызметінде қолжетімді сапалы жоғары білім беру және жоғары білікті мамандар даярлау міндетін алға қояды, – деп атап өтті өз сөзінде М.Ә. Төлеген.

Дөңгелек үстел барысында ШҚО Әділет департаменті басшысының орынбасары Ерлан Ермекұлы Қорабаев («Қазақстан халқының саналы таңдауы»), ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) ШҚО бойынша департаментінің превенция және парасаттылық басқармасының басшысы Архат Әбжатұлы Бейсембаев («Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органдарының азаматтардың конституциялық құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі қызметі») баяндама жасады.

Конференцияда, сондай-ақ, Рухани-жаңғыру және әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар кафедрасының аға оқытушысы, магистр, саясаттану оқытушысы Айгүл Төлеуханқызы Жиренованың («ҚР Конституциясының құндылықтар жүйесі саяси дамудың негізі ретінде») баяндамалары оқылды.

– Конституциялық құндылықтар – бұл бостандық, әділдік, теңдік, өзара көмек. Бұл құндылықтар адамның мінез-құлқын белгілі бір мақсаттарға, стандарттарға, мінез-құлық үлгілеріне жетуге бағыттайды, белгілі бір қоғамның құқықтық санасына енеді, жоғары идеалдардың рөлін атқарады және осылайша заңның негізгі құндылықтарына айналады. Бүгінде елімізде конституциялық құндылықтарды жүзеге асырудың құқықтық негізі болып табылатын құжат ретінде қолданыстағы Конституцияға ешкім де күмән келтірмейді. Бірақ, әрине, қоғам жаңғыртатын барлық әлеуметтік құндылықтардың ішінде ең жоғарғысы адам тұлғасы болып табылатынын ұдайы есте сақтау қажет, – деп атап өтті А.Т. Жиренова.

Баяндамашының айтуынша, еліміздің Конституциясының ерекшеліктері «Конституция – бұл жалпы ұлттық құқықтың және атап айтқанда конституциялық құқықтың басты қайнар көзі»; «Конституцияны халық қабылдайды, сондықтан халықтың мемлекеттік ерік-жігерінің көрінісі болып табылады»; «Конституциялық нормалар бастапқы болып табылады және құрылтайшылық сипатқа ие» деген сөздерінен көрінеді.

Конституцияның тұрақтылығы – мемлекеттік биліктің және заңдылық негізіндегі бүкіл құқық жүйесінің жұмыс істеуінің басты шарты. Бұл қоғамның әртүрлі саяси күштері арасындағы ымыраға келу деңгейін білдіретін құжат. Конституцияның негізгі нормалары қоғамдық қатынастардың даму деңгейінің, саяси процесті жетілдірудің шекаралары мен перспективаларының нәтижесі болып табылады.

Қазақстан Республикасының демократиялық мемлекет ретіндегі сипаттамасы оның саяси жүйесін талдау жағынан Конституция нормаларымен айқындалады, олардың арасында «Халық – мемлекеттік биліктің бірден-бір қайнар көзі» ұстанымы негіз болып саналады.

​ – Тура бір жыл бұрын Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «XXI ғасыр Конституциясы – құқық үстемдігі, адам құндылығы және мемлекеттің тиімділігі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда сөйлеген сөзінде:«1995 жылғы Конституция біздің тәуелсіздігіміздің берік құқықтық негізін құрды… Алайда Конституцияның жасампаздық әлеуеті таусылған жоқ және қажетті әлеуметтік-экономикалық, саяси және өзге де алғышарттардың пайда болуына қарай ашылатын болады» деген болатын, – деп атап өтті М.Ә.Төлеген.

Адвокат, Заңтану кафедрасының доценті, заң ғылымдарының кандидаты Александр Александрович Квашин білікті заң көмегіне конституциялық құқықтың іске асырылуы туралы хабардар етті, ал Заңтану кафедрасының доценті, заң ғылымдарының кандидаты Гүлмира Төлеубекқызы Байыркенова «Құқық үстемдігін қамтамасыз ету бойынша Конституцияның жасампаздық әлеуеті» тақырыбында баяндама жасады.

– Қазақстан Республикасының Конституциясы жиырма алты жыл бойы тиімді қолданылып келеді. Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу жылында біз тәуелсіз Қазақстанның барлық табыстары қолданыстағы Конституцияның жоғары сапасында, онда жарияланған құндылықтарға адалдықта орныққанын нық сеніммен айта аламыз. Қазіргі Қазақстан мемлекеттілігінің төртінші онжылдығы қарсаңында Конституцияның саяси, экономикалық және әлеуметтік-мәдени қатынастар жүйесінің басты реттеушісі ретіндегі жасампаздық әлеуеті елдің даму бағытының қажеттіліктеріне сай келеді. Қажетті жағдайлардың жетілуіне қарай Конституцияның әлеуеті Қазақстанның зайырлы, демократиялық және әлеуметтік мемлекет ретінде одан әрі орнығуына бағытталған, құқық үстемдігіне негізделген қосымша жүйелі заңнамалық және өзге де шаралармен нығайтылуы тиіс, – деді Г.Т. Байыркенова.

Іс-шара аясында С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің «құқықтану» мамандығына құжат тапсырған, кемінде 70 балл жинаған, ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсыру туралы сертификатпен расталған талапкерлер арасында «Тәуелсіз Қазақстанның Ата Заңы» онлайн викторинасының жеңімпазын марапаттау рәсімі өтті. Викторина өткізудің мақсаты – Қазақстан Республикасының Конституциясын зерттеуде жастардың танымдық белсенділігін жандандыру.

Викторина жеңімпазы Алтай қаласынан келген Айдана Нұрқасынова «Құқықтану» мамандығы бойынша С.Аманжолов атындағы ШҚУ білім беру грантының иегері атанды. Университет ректоры М.Ә.Төлеген викторина жеңімпазы мен білім беру грантының бақытты иегеріне сертификатты табыстады.

Іс-шара соңында дөңгелек үстелге қатысушылар қарар қабылдады.

Сонымен қатар іс-шара аясында университет ректоры Гүлмира Төлеубекқызы Байыркеноваға ҚР Конституциясы күніне арналған мерекелік медаль табыс етілді.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button