ШҚОҚоғамТОПШҚО

ШҚО-да «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша тұрғын үй сатып алуға сертификаттар беріле бастады

ШҚО әкімі көп балалы және аз қамтылған отбасылармен жұмыс жөніндегі облыстық комиссияның отырысын өткізді. Іс-шара барысында бірінші жартыжылдықтың қорытындысы шығарылып, алда атқарылуы тиіс міндеттер белгіленді, деп хабарлайды Semey News.

Мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар ынтымақтастығының арқасында аймақта көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды әлеуметтік қамтамасыз ету саласында жақсы нәтижелерге қол жеткізілді.

Мәселен, көпбалалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету қарқыны бойынша ШҚО республиканың басқа облыстарынан алда келеді. Осындай 18 мың отбасының 9 мыңы баспанаға қол жеткізді. Сонымен қатар, 875 отбасы өз ісін ашуға грант алды. Қазіргі уақытта аймақта «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша тұрғын үй сатып алуға сертификаттар беру басталды. Бұл қадам көптеген отбасыларға тұрғын үй мәселесін өз қалауына сәйкес шешуге мүмкіндік береді.

Көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балалары мектепте тегін тамақтанады және мектеп формасымен қамтамасыз етілген. Мұндай отбасылардың студент жасындағы балалары жоғары оқу орындары мен колледждерде грантпен оқиды.

Ата-аналар мектепке дейінгі мекемелерде балалардың тамағына ақша төлемейді. Пандемия кезінде қашықтан оқыту үшін 2 мыңға жуық отбасыға қосымша компьютер берілді.

Биыл 2 мыңға жуық балаға жазғы демалыс лагерлерінің тегін жолдамасы үлестірілді. Өскеменде кәсіпкерлердің қолдауымен «Шаңырақ» картасы жобасы іске қосылды. Көпбалалы отбасылар дүкендерге, дәріханаларға, медициналық мекемелерге және т.б. жерлерге барғанда жеңілдік көрсетіледі.

Сондай-ақ, заңнаманы жетілдіру және кешенді қолдау шаралары нәтижесінде ШҚО-да соңғы 2 жылда атаулы әлеуметтік көмекті алушылар саны екі есе қысқарғаны айтылды. Осы уақыт ішінде 2 мыңға жуық отбасы өз кәсіптерін ашу үшін гранттар алған.

Даниал Ахметовтің айтуынша, бұл көрсеткіштерге жергілікті жерлердегі қоғамдық комиссия мүшелерінің белсенді жұмыс істеуі ықпал етті және мақсатты аудиторияның пікірлері мен ұсыныстарына негізделген тиімді басқару шешімдерінің арқасында қол жеткізілді.

Аймақ басшысы ШҚО-да бастамашыл топ мемлекеттік қызметтер мен гранттар алуға көпбалалы және аз қамтылған отбасылар үшін нұсқаулық әзірлегенін ерекше атап өтті. Бұл көптеген азаматтардың өз істерін ашуларына көмектесетін қадамдық іс-қимыл алгоритмі.

«Көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға медициналық көмек көрсету мәселелері маңызды. Мен Денсаулық сақтау басқармасына осындай отбасылардан шыққан балаларды дәрі-дәрмекпен, уақтылы көмекпен және оңалту қызметтерімен қамтамасыз ету мәселелерін егжей-тегжейлі қарауды тапсырдым. Бұдан бөлек, қала мен аудан әкімдері көпбалалы және аз қамтылған отбасылар арасында тұрғын үй сертификаттарын бөлу жұмысын ұйымдастырулары керек. Осыған байланысты, тұрғын үйді бөлу жөніндегі әр комиссияға міндетті түрде көпбалалы аналар кіруі тиіс», – деді кеңесті қорытындылаған Даниал Ахметов.

Semey News

Осы айдарда

Back to top button