Ағымдағы жылдың 14 шілдесінде сағат 23:56 шамасында Ұлан аудандық ПБ кезекші бөліміне “Үміт” балалар үйі” коммуналдық мемлекеттік Мекемесі директоры жүгініп, 14 шілдеде сағат 16:00 шамасында Ұлан ауданының Төменгі Тайынты ауылында орналасқан жазғы сауықтыру лагерінің аумағынан өз еркімен кетіп қалған 14, 15 және 17 жастағы үш кәмелетке толмаған балалар үйінің тәрбиеленушілерін іздеуге көмек көрсетуді сұраған.
Ақпарат түсе сала полиция қызметкерлері жасөспірімдерді дереу іздеуге кірісті. Іздеу операциясына Ұлан АПБ жеке құрамы, ТЖ қызметкерлері, Асубұлақ ауылдық округі әкімдігінің қызметкерлері және еріктілер жұмылдырылды.
Іздестіру іс-шараларын барысында 16 шілдеде таңғы сағат 06:05 шамасында “Өскемен-Самар” тас жолында қызмет атқарған патрульдік полиция батальонының инспекторлары Тарғын ауылындағы тас жолда орналасқан қараусыз қалған үйге кіріп бара жатқан үш жасөспірімді байқайды. Тәртіп сақшылары кәмелетке толмаған балаларды сол жерден табады.
Қазіргі уақытта ер балалар барлық мән-жайларды анықтау үшін Ұлан АПБ-ға жеткізілді.
Semey News