“Партиялық емес бақылау орталығы” республикалық қоғамдық бірлестігінің Шығыс Қазақстан филиалы ресми түрде жақында ғана тіркелді. Осыған қарамастан, Парламент Мәжілісі депутаттарының алдыңғы сайлауында ШҚО-дағы партиялық емес бақылау орталығы бастамашыл топ ретінде табысты жұмыс істеді.
Қазіргі уақытта өңірлік штаб 25 шілдеде барлық сайлау учаскелерінде жұмыс істейтін 300-ден астам байқаушыны оқытуда.
– 25 шілдеде бізде ауыл әкімдерінің алғашқы сайлауы өтеді. Бұл сайлау халықтың билікке деген сенімін, биліктің өз қызметіне жауапкершілігін арттыруы керек. Сайлау процесі ашық болуы үшін, барлығы заңға сәйкес өтуі үшін біз бақылаушыларды дайындаймыз, – дейді “партиялық емес бақылау орталығы” республикалық ҚБ облыстық филиалының төрайымы Аяужан Әшімова.
Оның айтуынша, бақылаушы болғысы келетіндерге қойылатын бірінші және ең маңызды талап – процеске қызығушылық таныту.
– Алдыңғы сайлау бізде сайлау процесіне қатысқысы келетін белсенді азаматтар көп екенін көрсетті. Қазіргі уақытта біздің бақылаушыларымыз арнайы оқытудан өтіп, осы үдерістерге қатысты өз білімдерін шыңдауда. Біздің мақсатымыз – бақылаушылардың өздері заңды бұзбауы және құқықтарды ғана емес, сонымен қатар, әртүрлі жағдайларда қалай әрекет ету керектігін де білуі. Бізде төртінші сабақ өтті. Бейнеконференциялар өткіземіз, мессенджерлер арқылы жұмыс істейміз, – деді Аяужан Әшімова.
Егер сайлау учаскесінде бақылаушылар қандай да бір бұзушылықтарды тіркеген жағдайда, олар бұл туралы Өңірлік штабқа дереу хабарлауға тиіс. Онда заңгерлер мен жаттықтырушылар одан әрі іс-қимыл жасау туралы шешім қабылдайды.
Жалпы, Қазақстан бойынша бір мезгілде 700-ден астам ауыл әкімдерінің сайлауы өтеді. Республикалық партиялық емес бақылау орталығы еліміздің барлық өңірлерінде ресми тіркелген филиалдар арқылы учаскелерде сайлау процесіне бақылау жүргізуді жоспарлап отыр.
Semey News