ҚоғамСемейТОП

Сенатор Дүйсенғазы Мусин Семейде жұмыс сапарымен болды

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Дүйсенғазы Мусин Семейде жұмыс сапарымен болды, деп хабарлайды Semey News.

Жұмыс сапары барысында сенатор ауылдық округтердің әкімдерімен кездесіп, ауыл мәселелерін талқылады. Сондай-ақ кездесу барысында сенатор еліміздегі ауыл шаруашылықты дамытудың маңыздылығын атап өтті. Дүйсенғазы Мусин Абай мұражайының жұмысымен танысты. Мұражай директоры сенаторды мұражайдың жөндеуден өткен көрме залдарымен таныстырды. Өткен жылы бұл жерде мұражай аумағы қайта жаңартылды, тротуар плиталары ауыстырылды,  гүлзарлармен жабдықталды, ал ең басты жаңарту – ұлы ойшылдың ұлдарымен бірге бейнеленген ескерткіші болды.

Фото: Анатолий Тернов

Сонымен қатар Дүйсенғазы Мусин Жоламан кентіндегі «Zholaman» сауда-логистикалық орталығында болды. Біртұтас тауар өткізу жүйесінің құрылысы 2019 жылы басталған. Қазіргі таңда бұл жерде бір реттік сақтау қоймасы салынған. Қоймаішілік және ішкі желдету жабдықтарын жеткізу күтілуде. Ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жерде алты мың тонна әлеуметтік өнімді сақтау жоспарланған. Нысан алдағы күзде пайдалануға беріледі.

Сенатор барған келесі нысандардың бірі –  «QAZAQ-ASTYQ GROUP» ЖШС. Аталған кәсіпорын күнбағыс майын және шетелдерге дайын өнімді әрі экспорттауға арналған ақуызы жоғары түйіршіктелген күнжара өндіруге мамандандырылған.

Май зауыты өнімдерінің 90 пайыздан астамын сыртқы нарыққа шығару жоспарлануда. Қазіргі уақытта қазақстандық өсімдік майларын Қытай, Өзбекстан және Еуроодақ елдеріне жеткізуге келісімшарттар жасау бойынша әлеуетті серіктестермен келіссөздер жүргізілуде. Рафинация және дезодорация цехтарын, сондай-ақ рафинатталған майларды құю цехын ашу жоспарлануда.  «QAZAQ-ASTYQ GROUP» ЖШС жобасының жалпы құны 12,5 млрд. теңге. Оның 4,4 млрд. теңгесін экспортқа дайын өнімді жеткізу мақсатында Қазақстан даму Банкі құйды.

  • Жалпы, біз облыста жүргенімізге бірнеше күн болды. Белсенді жұмыстар жүргізіліп жатқаны көрініп тұр. Біздің Семейге сапарымыз Абай мұражайынан басталды. Ол жерде көлемді жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бұл мұражай – Семейге келген туристер баратын ерекше нысан. Сонымен қатар қалада облыста бәсекелесі жоқ, заманауи қондырғылармен жабдықталған, барлық стандарттарға сай ең ірі май зауыты салынуда. Оның құрылысы аяқталды десе болады, бұл ішке қонарлық. Бүгінгі таңда агроөнеркәсіп саласындағы өзекті мәселелердің бірі – бағаны тұрақтандыру және ішкі нарықты отандық өнімдермен толықтыру. Бүгін біз Семей қаласының әкімімен бірге Жоламан кентіндегі «Zholaman» сауда-логистикалық орталығында болдық. Бұл жердегі жұмыста аяқталуға жақын. Осы екі кәсіпорын жергілікті өнім және бағаны тұрақтандыру мәселесін шешуге көп септігін тигізеді, – деді Дүйсенғазы Мусин.

Сапар соңында Парламент Сенатының депутаты аймақ дамуының оң динамикасын атап өтті және қалалықтарды Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойымен құттықтады.

Semey News

Осы айдарда

Back to top button