ҚазақстанҚоғамТОП

Түркістанда да Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткіші қойылды

Түркістанның жаңа әкімшілік-іскерлік орталығында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа ескерткіш орнатылды. Бұл туралы Түркістан облысының әкімдігі мәлім етті, - деп хабарлайды Semey News Tengrinews.kz тілшісіне сілтеме жасап.

Ескерткіш биіктігі – төрт метр. Қола мүсіннің авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген реставраторы, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Тілеуберді Бинашев.

“Ескерткіш Нұрсұлтан Назарбаевтың фотосуреті бойынша жасалды. Түркістанның жаңа әкімшілік-іскерлік орталығында орналасқан мүсін композициясында, Елбасының “Ұлы Даланың Ұлы” атты ескерткішінде ескі Қаратаудың сызбасы көрсетілген.

Автор Елбасының Қаратау жазығындағы шексіз далаға қарап тұрған сәтін бейнелеген. Түркістанда Елбасының “Ұлы даланың ұлы” атты ескерткішін орнатудың бастамашысы және демеушісі – кәсіпкер Болатбек Әлиев”, – деді әкімдік өкілдері.

Облыс әкімшілігі бұл идеяны Түркістанның ардагер ақсақалдары, зиялы қауым өкілдері, мәслихат депутаттары, кәсіпкерлер, қоғамдық ұйымдардың өкілдері қолдағанын атап өтті.

Түркістан әкімдігі осы бастама бойынша жергілікті тұрғындар арасында сауалнама жүргізгені хабарланды.

“Сауалнамаға 1000 респондент қатысты, оның 93 пайызы бастаманы қолдады, 4,5 пайызы қарсы, 2,5 пайызы бейтарап болды”, – деді әкімдіктегілер.

Еске салайық, бүгін елордада да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа ескерткіші ашылған болатын. Ашылу салтанатына Қасым-Жомарт Тоқаев қатысқан.

Semey News

Осы айдарда

Back to top button