
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес Акционерлік қоғамы ШҚО бойынша филиалының баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, осы жылдың сәуір айынан бастап қазіргі уақытқа дейін өңір жұртшылығы тарапынан 261 өтініш келіп түсті.
«Көп жағдайда халық консультациялық-диагностикалық қызметтерді ұзақ күтетіндіктерін, алғашқы медициналық көмек ұйымдарының мамандандырылған қызметтерді дұрыс көрсетпейтіндіктерін, дәрі-дәрмектермен жөнді қамтамасыз етілмейтіндіктерін айтып шағымданған. Сондай-ақ медицина қызметкерлерінің дөрекілік танытқанына наразылығын білдіргендер болды. Әр жағдай бойынша Қор филиалының мамандары тексеру жұмыстарын жүргізіп, тиісті шараларды қабылдады», – делінген хабарламада.
Айта кету керек, жұртшылық өтініштерін әртүрлі тәсілмен жеткізген. Оның ішінде 1406 call-орталығына 163 адам хабарласса, Qoldau 24/7 қосымшасы арқылы 75 шағым түскен.
Semey News