
«Batyrs Battle» – бұл салауатты өмір салтын насихаттайтын көпсайысты турнир. Ерекше жобаның мақсаты бұқаралық спортты дамыту және ұлттық спорт түрлерін қолдау, Президент жолдауында айтылған ұлттық мәдениет, тарих мен дәстүрлерді жаңғырту үдерісіне жасөспірімдер мен жастарды тарту.
Спорттық жарыс қазақтың аты аңызға айналған балуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды. Ерекше жобаның авторы – Мәдениет және спорт министрлігінің амбассадоры Сергей Цырульников.
– «Batyrs Battle» еліміздің төрт қаласында – Өскеменде, Ақтөбеде, Түркістанда және Нұр-Сұлтанда өтеді. Бүгін Шығыстың бас шаһарында жарыс алауы жағылды деуге болады. Негізі шараның басты мақсаты – Қажымұқан, Балуан Шолақтардың жаттығу үрдісін үзбеу және халық арасында насихаттау, – дейді С.Цырульников.
Сайысқа сегіз атлет қатысты. Қажымұқанның бүгінгі ізбасарлары қап көтеру, бөрене көтеру, тас көтеру, метал шыбықты майыстыру, белдесу бойынша сынға түсті.
– Атлеттерге Қажымұқандай алыптың ерлігін қайталау міндеті жүктелді деуге де болады. Мен қатысушылар құрамына қатты таңқалдым. Өйткені олардың арасында халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері өте көп, – деді Сергей Цырульников.
Жарыс қорытындысы бойынша Салауат Ахметқали өңір үздігі деп танылды.
Semey News