
Нысанның аты – Alazone арена. Юрмала қалашығының үлгісінде салынып жатыр екен. Былтыр ғана іргесі қаланып басталған арена биыл жаңа кейіпке еніпті. Инвестициялық жоба облыс әкімінің бастамасымен 2020 жылдың сәуір айында қолға алынды. Жобаны «SignTech company» директоры Жалын Жайнарбай мен «Semey korkem» компаниясының директоры Арман Ахметқанов жүзеге асыруда. Құны – 560 миллион теңге.
Аренаның сыйымдылығы – 4000 адам. Ал сахнасы Орта Азиядағы сахналардың ішіндегі ең ірісі болмақ. Сахнаның төменгі қабатында өнерпаздарға арналған әрлеу бөлмесі, сондай-ақ, би алаңы, намазхана, қонақүй, балалар алаңқайы, көгал, караоке және мейрамхана бар. Мейрамхана 700 адамға қызмет көрсете алады. Инвесторлардың айтуынша, тамақтануға келгендердің алаңсыз концерт тамашалауға мүмкіндігі бар, себебі дастархан сахнаға ыңғайлы орналасқан.
– Жобамыздың аяқталуына да көп қалған жоқ. Бірақ биыл әзірше сахнаны және би алаңын ашамыз ба деп жоспарлап отырмыз. Келушілер үшін арнайы концерттік бағдарламалар әзірлейміз. Мейрамханаға келер болсақ, әзірше Еуропа және шығыс асханасы болады деп жоспарлап отырмыз, – дейді инвестор Жалын Жайнарбай.
Нысанның салтанатты ашылуы ағымдағы жылдың 1 шілдесіне белгіленген. Ал мейрамхана келесі маусымда ашылады деп жоспарлануда. Нысанның тағы бір артықшылығы, арена маңына тікұшақ қонатын болады.
– Биыл аренаның ашылуын жасаймыз. Концерттік шоу ұйымдастырылады. Алдағы жылдары мейрамхана ашылғанда персоналдар үшін және жұлдызды қонақтар үшін қонақүй салуды жоспарлап отырмыз. Арена демалушылардың сүйікті орнына айналарына сенімдіміз, – дейді инвестор Жалын Жайнарбай.
Semey News