
Семейде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жалпықалалық тазалық акциясы қарқынды түрде жалғасуда. Аталған шараның басты мақсаты – қоршаған ортаның тазалығын сақтау және тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру.
Сенбілікке облыс әкімі Берік Уәли мен қала әкімі Әділет Нұрсағатұлы арнайы қатысып, көпшілікпен бірге тазалық жұмыстарына атсалысты. Сонымен қатар, бұл игі іске қала тұрғындары, мемлекеттік мекемелер мен бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, жоғары және орта оқу орындарының студенттері мен оқытушылары, кәсіпкерлік нысандарының өкілдері, қоғамдық ұйымдар мен еріктілер белсенді түрде жұмылдырылды. Қатысушылар аулаларды, көшелерді, саябақтар мен қоғамдық орындарды қоқыстан тазалап, ағаш отырғызу және көгалдандыру жұмыстарын жүргізді.
Айта кетейік, 3 сәуір күні облыс әкімі өңір тұрғындарына арнайы бейнеүндеу жолдап, барша жұртты жалпыөңірлік тазалық акциясына белсене қатысуға шақырған болатын. Бұл бастама тұрғындар тарапынан кең қолдау тауып, қала тазалығына әр азаматтың жауапкершілікпен қарауына серпін берді.
Мұндай игі шаралар алдағы уақытта да жалғасып, Семей қаласының экологиялық жағдайын жақсартуға және көркін арттыруға өз үлесін қоса бермек.



