Абай облысында өрттің алдын алу бағытында кешенді жұмыс жүргізілуде

Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов Абай облысына жұмыс сапары барысында Төтенше жағдайларды жою жөніндегі республикалық жедел штабтың отырысын өткізді. Жиында 2026 жылғы өрт қаупі жоғары кезеңге дайындық мәселелері қаралды.
Облыс әкімі Берік Уәли өңірдегі орман өрті қауіпсіздігі және алдын алу шаралары туралы баяндады.
Облыс аумағындағы орман жамылғысының негізгі бөлігі «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватына тиесілі. Жыл басынан бері облыста 2 орман өрті тіркелді. Жедел қабылданған шаралардың арқасында өрт толық сөндіріліп, зардап шеккендер болған жоқ.
Өңірде өрттің алдын алу бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Дала өрттерінің ықтималдығын төмендету жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітіліп, «Семей орманы» бойынша алдын алу және жою жоспары өзектендірілді. Орман алқаптарын бақылау үшін 170 адамнан тұратын 38 мобильді топ құрылды.
Елді мекендер маңында минералданған жолақтар жасау басталып, өрт ошақтарын анықтау үшін ғарыштық мониторинг ұйымдастырылды. Өрт қауіпті кезеңге 3 әуе техникасы дайындалды. Сонымен қатар, ерте анықтау жүйесі аясында 37 бейнебақылау камерасы орнатылды.
Материалдық-техникалық базаны нығайту бағытында да жүйелі жұмыстар атқарылуда. Соңғы жылдары Төтенше жағдайлар департаменті үшін 35 бірлік техника мен 13 ұшқышсыз ұшу аппараты сатып алынды. Биыл жергілікті бюджет есебінен қосымша 18 бірлік техника алу жоспарланған.
Өңірде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 75 өрт сөндіру пункті жұмыс істейді. 2025 жылы Төтенше жағдайлар министрлігінің «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында 17 пункт ашылса, биыл тағы 45 пункт ашу жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, Семей қаласында 3 және Аягөз қаласында 1 өрт сөндіру депосын салу көзделген. Қазіргі уақытта Мақаншы ауданының Қабанбай ауылында өрт сөндіру депосының құрылысы жүргізілуде.
Төтенше жағдай туындаған жағдайда 2 499 адам және 601 бірлік техникадан тұратын күштер мен құралдар тобы әзірленген. Өртке қарсы оқу-жаттығулар тұрақты түрде өткізіліп келеді.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ



