Абай облысында ауқымды жалпыөңірлік тазалық акциясы өтіп жатыр

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Абай облысында ауқымды жалпыөңірлік тазалық акциясы жүріп жатыр.
Жалпыөңірлік сенбілікке облыстық әкімдік қызметкерлері, басқармалар, Семей қаласындағы мемлекеттік мекемелер, білім беру ұйымдары, мәдениет және спорт нысандары, құқық қорғау органдары, әскери бөлімдер, партия филиалдары мен өзге де ұйымдар белсенді қатысып жатыр. Қала аумағы бойынша орталық көшелер, тұрғын алаптар және «Бейбітшілік» аралы бекітіліп, санитарлық тазалау және абаттандыру жұмысы жүргізілуде.
“Таза Қазақстан” акциясына өңірдің аудан тұрғындары да атсалысып жатыр. Бородулиха ауданында өткен сенбілікке 300-ден астам адам жұмылдырылып, 12 тонна қоқыс шығарылды. Ал Аягөз ауданында өткен ауқымды сенбілікке 4 мыңға жуық адам қатысып, 570 тонна қоқыс жиналды, 2000 гектар аумақ тазартылып, 56 техника жұмылдырылды.
Айта кетейік, кеше облыс әкімі Берік Уәли өңір тұрғындарына арнайы бейнеүндеу жасап, жалпыөңірлік тазалық акциясына белсенді қатысуға шақырған болатын.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ



