Қайтарылған активтер – балалар игілігіне

Заңсыз шығарылған активтерді қайтару жөніндегі есептердегі әрбір санның артында нақты тағдырлар мен әлеуметтік әділеттілік тұр. Соның жарқын дәлелі – Шымкент қаласында ашылған жаңа нысан.
Бүгін ерекше білім беру қажеттіліктері бар (медициналық көрсеткіштері бойынша) балалар оқитын мектеп-интернат тәрбиеленушілеріне арналған заманауи жатақхана пайдалануға берілді. Бұған дейін олардың жағдайы мүлдем қолайсыз болған: 1975 жылы салынған ғимарат, орын тапшылығы, инфрақұрылымның тозуы. Нормасы 125 орын болғанымен, онда 290 бала тұрған.
Жаңа жатақхананың жалпы ауданы 8288,70 м², 300 орынға арналған және толықтай заманауи стандарттарға сәйкес келеді. Жалпы аумағы 3,5 гектар жер учаскесінде футбол алаңы (800 м²), воркаут аймағы, ойын алаңдары (450 м²) және демалыс аймақтары (200 м²) қарастырылған.
Ғимараттың ішінде ұлдар мен қыздарға арналған бөлек тұрғын блоктар, жабдықталған медициналық бөлім, кең ойын бөлмелері, сондай-ақ тәрбиеленушілер үшін қолайлы, дамытушы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған басқа да функционалдық бөлмелер бар.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бұл жобаға қайтарылған қаражаттар мен қайтарылған мүлікті сатудан түскен қаражаттар жинақталған Арнаулы мемлекеттік қордан 2,6 млрд теңге бөлінді.
Бұл – бір реттік шара емес. Бас прокуратурамен қайтарған қаражат есебінен елді мекендердің инфрақұрылымын жүйелі түрде дамыту бүкіл ел бойынша жүргізілуде:
– шамамен 500 млрд теңгеге 440 әлеуметтік және коммуналдық нысанның құрылысы қаржыландырылды;
– оның 319-ы пайдалануға берілді: бұл мектептер, ауруханалар және сумен жабдықтау жүйелері.
Қайтарылған әрбір теңге Қазақстан азаматтарының игілігіне қызмет етуі тиіс.



