Абай облысыТОП

Тұрғын үйлерді су басу фактісі тіркелген жоқ: облыс әкімі Бозтал ауылына барды

Аймақ басшысы Берік Уәли Бесқарағай ауданының Бозтал ауылына келді. Облыс әкімі даладан келген қар суының деңгейін төмендету жұмысымен танысып, судың ағып жатқан арналарын көрді. Елді мекендегі мектепте орналасқан жедел штабқа барды.

Қазіргі уақытта Бозтал елді мекенінде жағдай тұрақты, тұрғын үйлерді су басу фактісі тіркелген жоқ.

Қауіпсіздік мақсатында ауылда 80 орындық тұрғындарды уақытша орналастыру пункті әзірленген. Қазіргі уақытта онда ешкім орналастырылмаған, барлық тұрғындар өз үйлерінде.

ТЖД мен жергілікті атқарушы органдардың (ЖАО) күшімен еріген қар суын өткізу бойынша қажетті инженерлік жұмыстар жүргізілуде, тиісті техника мен жеке құрам жеткілікті мөлшерде жұмылдырылған. Былтыр инженерлік жұмыстар жоспары аясында ауыл бойымен ұзындығы 1800 метр болатын ор қазылып, топырақ үйіндісі салынды. Қазір су сол арнамен ағып жатыр.

Азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ, көлік қатынасы сақталған. Жедел әрекет ету үшін Төтенше жағдайлар департаменті мен жергілікті атқарушы органдардан 69 адам және 18 техника тартылған. 200 қап инертті материал әзірленген.

Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, бүгінгі таңғы сағат 8-дегі жағдай бойынша су деңгейі 40-50 сантиметрге төмендеген.

Аймақ басшысы су деңгейін тұрақты бақылауда ұстауды, ең бастысы, тұрғындардың қауіпсіздігіне көңіл бөліп, тұрғын үйлерге су кіруіне жол бермеуді, аудандағы тасқын қаупі бар басқа да елді мекендерді назардан тыс қалдырмауды тапсырды.

Ауылды аралап, көрдім. Даладан келген су бұрыннан бар, жылдағы арналармен ағып жатыр. Ең бастысы, тұрғын үйлерге қауіп жоқ. Тұрғындар түсіністік танытып отыр. Өйткені, олар судың жылда осылай келетінін біледі. Жағдай толық бақылауда. Төтенше жағдайлар қызметінің барлық күштері жұмылдырылып, қажетті шаралар үздіксіз жүргізілуде, – деді Берік Уәли.

АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ

Осы айдарда

Back to top button