Абай облысыМәдениетТОП

Абай облысында театр өнерін дамыту жөніндегі жоғары көркемдік кеңес құрылды

27 наурыз – халықаралық театр күніне орай Абай облысында театр өнерін дамыту мақсатында құрылған жоғары көркемдік кеңестің алғашқы отырысы өтті.

Жиында кеңестің құрамы бекітіліп, Қазақстанның Халық әртісі, профессор Тұңғышбай Жаманқұлов, Қазақстанның мәдениет қайраткері Отантай Кәрібжанұлы, жазушы Асқар Алпысбай, ҚР Еңбек сіңірген қайраткерлері Дариға Тұранқұлова, Бекжан Тұрыс, еліміздегі жетекші театрлардың артистері Гүлмира Жакилина, Әсет Иманғалиев, режиссер Ерлан Кәрібаев, драматург Әлішер Рахат кеңес мүшелері болды.

Кеңес мүшелерінің ұсынысымен, облыс әкімінің келісімімен Берік Уәли жоғары көркемдік кеңестің төрағасы болып сайланды.

Бүгін Абай облысында алғаш рет өтіп отырған жоғары көркемдік кеңестің отырысы – өңіріміздің мәдени-рухани өміріндегі маңызды қадамдардың бірі. Өйткені, мұндай көркемдік кеңестер еліміздің басқа өңірлерінде жоқтың қасы. Абай облысы әкімінің жанынан құрылған жоғары көркемдік кеңестің негізгі мақсаты – театр өнерінің дамуына серпін беру, шығармашылық үдерістердің сапасын арттыру, өңірдегі мәдени саясатты жүйелі түрде жетілдіру. Бүгінгі алқалы жиынға қазақ өнерінің көрнекті өкілдері – Қазақстанның Халық әртісі, сахна саңлағы Тұңғышбай Жаманқұлов, белгілі өнер майталмандары Дариға Тұранқұлова мен Бекжан Тұрыс қатысып отыр. Сіздердің қатысуларыңыз кеңес жұмысының маңызын арттырып, қабылданатын шешімдердің салмағын күшейте түсетініне сеніміміз мол, – деді аймақ басшысы.

Алғашқы отырыста Тұңғышбай Жаманқұлов, Отантай Кәрібжанов, Дариға Тұранқұлова, Бекжан Тұрыс сөз сөйлеп, театр өнерінің қазіргі ахуалы, шығармашылық бағытты жетілдіру және саланың өзекті мәселелері бойынша пікір білдірді. Облыста Абай халықаралық театр фестивалін өткізу, облыс жастарын театр мамандығына оқыту үшін грант бөлу туралы ұсыныстар айтылды.

Тұңғыштар мекенінде еліміздегі тұңғыш жоғары көркемдік кеңестің құрылуы заңдылық. Бұл кеңес тек Абай еліндегі театрдың ғана емес, еліміздегі бүкіл театрлардың да мұң-мұқтажын жоқтайтын жағдайға жететін көркемдік кеңес болуы керек деп ойлаймын. Кеңес жұмысына сәттілік тілеймін, – деді Тұңғышбай Жаманқұлов.

Кеңес өз құзыреті аясында театр репертуарының көркемдік деңгейін қалыптастыру, мәдени қызметтердің сапасын бағалау және шығармашылық ұжымдарды қолдау бағытында жұмыс жүргізеді.

Айта кетейік, Семей қаласындағы Абай атындағы қазақ музыкалық драма театры – еліміздің мәдени кеңістігінде өзіндік орны бар, тарихы терең өнер ордасы. 1934 жылы мемлекеттік театр ретінде құрылған ұжым ұлттық сахна өнерінің дамуына елеулі үлес қосып келеді.

АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ

Осы айдарда

Back to top button