Облыстың білім саласындағы өзекті мәселелер талқыланды

Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен кеңейтілген аппараттық кеңес өтті. Жиында білім басқармасының қызметі, көктемгі егіс және дала жұмыстарына дайындық барысы қаралды. Кеңеске облыстық басқарма басшылары, өңірлік департамент жетекшілері қатысты. Аудан және қала әкімдері бейнережимде қосылды.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша білім басқармасының басшысы Бауыржан Ердембеков, ауыл шаруашылық басқармасының басшысы Ертай Қуанбаев баяндады.
Білім басқармасының мәліметінше, өңірде 161 мыңнан астам баланы қамтитын 574 білім беру ұйымы жұмыс істейді. Оның ішінде 371 мектепке дейінгі ұйым, 313 мектеп, 32 колледж, 25 арнайы және 27 қосымша білім беру мекемесі бар.
Мектепке дейінгі білім беру саласында 27 мыңнан астам бала қамтылған. Балабақшалар бейнебақылаумен толық жабдықталған. Дегенмен, кезекте 3 900 бала тұр. Бұл бағытта жекеменшік секторды тарту арқылы мәселені кезең-кезеңімен шешу көзделуде.
Орта білім беру ұйымдарында 100 мыңнан астам оқушы білім алады. 2025-2026 оқу жылының үшінші тоқсанында білім сапасы 66,2 пайызды құрап, өткен жылмен салыстырғанда оң өсім байқалды. Облыста 12 мыңнан астам педагог еңбек етеді. Өңірде цифрландыру бағытында 1120 пәндік кабинет жұмыс істейді.
Қосымша біліммен қамту деңгейі 92 пайыздан асады. Оқушылардың ғылыми, шығармашылық және спорттық бағыттағы жетістіктері де аз емес. Әскери-патриоттық бағыттағы «Айбын» жарыстарында өңір құрамасы жоғары нәтиже көрсетті.
Өңірде білім беру инфрақұрылымын дамыту мақсатында бірқатар жаңа жобалар іске асырылуда. Сонымен қатар «Қаладан – ауылға» жобасы аясында ауыл мектептеріне кадр тарту жұмыстары жүргізілуде.
Аймақ басшысы облыстың білім саласындағы оң нәтижелерді атап өтіп, шешімін қажет ететін өзекті мәселелерге назар аударып, басқармаға бұл бағыттағы жұмысты жандандыру қажеттігін айтты.
Білім саласы – өңірдің ұзақ мерзімді дамуының негізі. Сондықтан біз тек көрсеткіштерге ғана емес, білім сапасына, педагог кадрлардың деңгейіне, инфрақұрылымның жағдайына және оқушылардың нақты нәтижелеріне баса мән беруіміз қажет. Бұл бағытта жүйелі әрі нақты нәтижеге бағытталған жұмыс күтеміз, – деді Берік Уәли.
Облыс әкімі білім басқармасы мен әкімдіктерге мектепке дейінгі орын тапшылығын азайтуды, білім сапасын көтеруді, цифрландыру тиімділігін бағалау, инклюзивті білім беруді толық қамту және инфрақұрылымды жаңарту бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ, түлектердің жұмысқа орналасуын арттыру, аграрлық мамандықтардың тартымдылығын көтеру және жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша кешенді шаралар қабылдау жүктелді.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ



