Абай облысыДенсаулық сақтау

Абай облысында медициналық ұйымдарға қатысты шағымдар саны азайды

Абай облысы бойынша «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ филиалы директорының орынбасары азаматтардың өтініштері мен медициналық ұйымдарға қатысты шағымдардың азаюы жөніндегі жағдай туралы баяндады.

— 2025 жылы қанша шағым түсті және жағдай қалай өзгерді?
— 2025 жылдың қорытындысы бойынша Абай облысы бойынша «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ филиалына 964 шағым түсті. 2024 жылмен (1127 шағым) салыстырғанда 14,5%-ға төмендеу байқалады. Бұл оң динамиканы және қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін көрсетеді.

— Қай медициналық ұйымдарға ең көп шағым түседі?
— Шағымдардың басым бөлігі бұрынғыдай алғашқы медициналық-санитариялық көмек (АМСК) көрсететін ұйымдарға, соның ішінде Семей қаласының емханаларына тиесілі. Бұл азаматтардың медициналық көмекке алғаш жүгінуі дәл осы деңгейде жүзеге асырылатынымен түсіндіріледі.

— Азаматтардың өтініштерінің негізгі себептері қандай?
— Талдау жүйелі мәселелердің сақталып отырғанын көрсетеді: медициналық кадрлардың тапшылығы, медициналық қызметтерді алу кезектілігі, пациенттерді маршруттау мәселелері, медициналық көмекті негізсіз көрсетуден бас тартудың жекелеген жағдайлары және пациентке бағдарланудың жеткіліксіз деңгейі. Аталған мәселелер Қордың құзыретіне кірмейді, алайда олар уақыт өте келе шешімін табуда.

Өткен жылмен салыстырғанда шағымдардың сипаты өзгерді ме?
— Иә, 2025 жылы өтініштердің құрылымы өзгерді. Медициналық көмекті көрсетуден тікелей бас тартуға байланысты шағымдардың үлесі азайып, кеңес беру сипатындағы өтініштер саны артты. Азаматтар сақтандырылу мәртебесі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде медициналық қызметтерді алу тәртібі бойынша түсіндірме алу үшін жиі жүгінуде.

— Халық үшін ең өзекті мәселелер қандай?
— Ұйымдастырушылық мәселелер, атап айтқанда кезектілік, жолдамалар алу және пациенттерді маршруттау бұрынғыдай өзекті болып отыр. Сондай-ақ қолданыстағы нормативтік базада көзделмеген қызметтер бойынша өтініштердің тұрақты ағыны сақталуда.

Шағымдар санын азайту үшін қандай шаралар қабылдануда?
— Қор филиалы жүйелі жұмыс жүргізуде: 2025 жылы 89,7 мың адамды қамтыған 293 ақпараттық-түсіндіру іс-шарасы өткізілді, 13 мыңнан астам жеке консультация ұйымдастырылды, медицина қызметкерлері үшін 183 оқыту іс-шарасы өткізілді, сондай-ақ халықты бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы кеңінен ақпараттандыру қамтамасыз етілді. Бұдан бөлек, шағымдар бойынша талдау жергілікті атқарушы органдар мен денсаулық сақтау басқармасына басқарушылық шешімдер қабылдау үшін тұрақты түрде жолданады.

— Қазіргі таңда қандай проблемалық мәселелер сақталуда?
— Негізгі мәселелердің бірі — жекелеген жұмыс берушілер мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың МӘМС жарналарын тұрақты түрде төлемеуі.

— Қандай негізгі қорытынды жасауға болады?
— 2025 жылдың қорытындысы бойынша шағымдар санының азаюы және олардың сипатының кеңес беру бағытында өзгеруі байқалады. Бұл халықтың хабардарлығының артқанын және медициналық қызметтердің сапасының біртіндеп жақсарып келе жатқанын көрсетеді. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасатын болады.

Жалпы алғанда, Медициналық сақтандыру қоры филиалының мәліметінше, динамика оң күйінде қалып отыр: шағымдар саны азаюда, халықтың хабардарлығы артуда, ал қабылданған шаралар өңірде медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін біртіндеп арттыруда.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button