Абай облысында 1500-ден астам жұмысшының еңбек құқығы қорғалды

Абай облысында 2025 жыл қорытындысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті департаментінің жұмысы сараланды. Тексерулер мен түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде 1500-ден астам қызметкердің құқықтары қорғалып, 84 млн теңгеден астам жалақы қарызы өтелді.Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз маслихатында Абай облысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті департаментінің басшысы Ерлан Ниятқабылов мәлімдеді.
Жыл ішінде департамент жеке және заңды тұлғалардан түскен 1 011 өтініш пен арызды қарады. Тұрғындар көбіне жалақыны төлемеу немесе толық төлемеу, пайдаланылмаған еңбек демалысы үшін өтемақы, үстеме жұмыс уақытына ақы төлеу және заңсыз жұмыстан шығару мәселелері бойынша жүгінген.
– Департамент жүргізген түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде өтініштердің айтарлықтай бөлігі тараптар арасындағы медиация арқылы реттеліп, өтініш берушілердің өз өтініштері негізінде тоқтатылды, – деді спикер.
2025 жылы мемлекеттік инспекторлар 144 тексеру жүргізіп, оның нәтижесінде еңбек заңнамасының 850 бұзушылығы анықталды және 109 нұсқама берілді. Өрескел бұзушылықтар үшін 101 әкімшілік іс қозғалып, оның 95-і бойынша 14,1 млн теңге көлемінде айыппұл салынды.
– Қабылданған шаралардың нәтижесінде 1500-ден астам жұмысшының құқықтары қорғалып, 84 млн теңгеден астам жалақы қарызы өтелді, – деп атап өтті Ерлан Ниятқабылов.
Еңбек қауіпсіздігіне де ерекше назар аударылады. Өткен жылы өңірде өндірісте 67 жазатайым оқиға тіркелді, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 33,7%-ға аз. Оқиғалар салдарынан 68 қызметкер зардап шегіп, төрт адам қаза тапты. Жарақаттану жағдайлары көбіне тау-кен металлургиясы мен құрылыс салаларында, сондай-ақ шағын бизнес пен коммуналдық шаруашылық ұйымдарында тіркелген.
Департамент ұжымдық шарттарды бақылау және оларды цифрландыру жұмыстарын да жүргізуде. 2025 жылы «HR Enbek» порталында 670 кәсіпорынның ұжымдық шарттары цифрландырылды. Сонымен қатар Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне 114 986 қызметкердің еңбек шарттары туралы мәлімет енгізілді.
– Ұжымдық шарт Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына, бас, салалық және өңірлік келісімдерге қарағанда қызметкерлердің жағдайын нашарлатпауы тиіс. Мұндай ережелер жарамсыз деп танылады және қолдануға жатпайды, – деп қорытындылады департамент басшысы.



