Бюджет қаражатын тиімді игеру мәселесі қаралды

Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен кеңейтілген аппараттық кеңес өтті. Жиында 2025 жылдың бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігін бағалау қорытындылары, сауда орындарын жаңғырту бойынша жол картасының орындалуы және облыстағы жасанды интеллектіні дамыту мәселелері қаралды. Кеңеске облыстық басқарма басшылары, өңірлік департамент жетекшілері қатысты. Аудан және қала әкімдері бейнережимде қосылды.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша қаржы басқармасының басшысы Гүлфайруз Серікболова, кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Айбек Рахымбеков және цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Абзал Серікұлы баяндады.
Қаржы басқармасы басшысының мәліметінше, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қолдау және инфрақұрылымды жаңғырту мақсатында былтыр облысқа 68,4 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінді. Бұл қаражат 154 инфрақұрылымдық нысанның құрылысына, 101 жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге және мемлекеттік сараптамадан өткізуге, сондай-ақ, бірқатар мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға бағытталды. 2025 жылы облыста 66 жоба пайдалануға беріліп, 44 жоба бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Сонымен қатар 5 мекеменің жарғылық капиталы ұлғайтылып, 39 техника және 7 жабдықпен қамтамасыз етілді.
Былтыр арнайы мемлекеттік қор қаражаты есебінен өңірде әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған 20 жоба жүзеге асырылды. Атап айтқанда, Семей қаласында 100 орындық психоневрологиялық, әлеуметтік орталық пен көпфункционалды Оқушылар сарайы пайдалануға берілді. Су құбыры желілерінің құрылысы бойынша 21 жоба аяқталды. Бұл нысандар өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға және тұрғындарға көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында облыстың 35 елді мекенінде 47 жоба жүзеге асырылып, 190 шақырымнан астам жол жөнделді.
Аймақ басшысы жиында қала-аудан әкімдеріне жоспарланған жобалардың уақытында әрі сапалы іске асырылуын қамтамасыз ету, мемлекеттік сатып алу рәсімдерін кешіктірмей өткізу және бюджет қаражатын пайдалану кезінде қаржылық тәртіпті қатаң сақтауды тапсырды. Толық аяқталмаған жобалар бойынша туындаған мәселелерді талдап, олқылықты жою үшін жауапты тұлғалардың бақылауын күшейту қажеттігін айтты. 2026 жылы пайдалануға беру жоспарланған нысандардың құрылысы белгіленген мерзімде аяқталмаған жағдайда тиісті басшылардың жауапкершілігі қаралатынын да ескертті.
Бюджет қаражатын тиімді пайдалану – әрбір деңгейдегі бірінші басшының басты міндеті. Күнделікті жұмыс барысында қаржы мәселесіне де көңіл бөлу қажеттігін ескертемін. Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында бұл мәселеге ерекше тоқталды. Басқарма басшылары, аудан әкімдері, бөлінген қаражатты игеру үшін ғана емес, нақты нәтижеге қол жеткізуге жұмыс істеу керек. Ол үшін дұрыс жобалап, дұрыс жоспарлау керек. Жоспарлап алып, орындамау деген болмайды, – деді Берік Уәли.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ



