ҚазақстанПрезидентТОП

Мемлекет басшысы референдумға белсене қатысқан жастармен әңгімелесті

Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазмедиа» орталығында республикалық референдум аясындағы үгіт-насихат науқанына белсенді қатысқан жастармен кездесті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Президент бүгін тарихи күн екенін атап өтіп, жастарға ризашылығын білдірді.

— Шын мәнінде, бұл күн ел өмірінде мәңгі сақталады. Енді 15 наурыз — Конституция күні болып белгіленеді. Бұл — еліміздің басты құжаты. Мен басқа да мемлекеттердің конституцияларымен танысып шықтым. Біздің Конституциямыз ең үздік Ата заңдардың қатарында тұрады деп сеніммен айта аламын, — деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент жаңа Конституция, ең алдымен, жастарға арналғанына назар аударды. Ата заңға волонтерлік қызмет, ғылым, инновация, жасанды интеллект сияқты ұғымдар енгізілгеніне тоқталды.

— Ауқымды үгіт-насихат науқаны жүргізілді. Алдымызда жұмыс көп. Енді жазда Парламент сайлауы өтеді. Оны бір ел болып атқаруымыз керек. Бұл жастардың парламенті болуы қажет деп ойлаймын, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Кездесуде «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Ақерке Ескендірова, креативті индустрия өкілі, кәсіпкер Камиль ⁠Байрамов, белсенді жастар ⁠Ержан Хамитов пен Нұрбол Серікбай сөз сөйледі.

Жастар бір ай ішінде түрлі форматта 5 мыңға жуық кездесу өткізіп, оған 1,5 миллионнан аса азамат қатысқанын жеткізді. Сондай-ақ елімізде қолға алынған өзгерістердің барлығын қолдайтынын айтты.

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы жаңа Конституция жобасына қатысты референдумда дауыс бергеннен кейін журналистерге арналған брифинг өткізді.

https://kaz.inform.kz/news/memleket-basshisi-referendumga-belsene-katiskan-zhastarmen-angmelest-549eee/

Осы айдарда

Back to top button