Облыс әкімі Аягөз қаласындағы су басу қаупі бар учаскелерді қадағалады

«Қазгидромет» РМК Абай облысы бойынша филиалының мәліметінше, Ақсуат, Аягөз, Бесқарағай, Бородулиха, Жарма және Көкпекті аудандары су тасқыны қаупі бар аймақтардың қатарында тұр.
Аймақ басшысы Берік Уәли ауданға жұмыс сапары барысында Аягөз қаласындағы су басу қаупі бар учаскелердің біріне барды. «Қуаныш» мөлтек ауданындағы көшелердің бірінде жер асты суының көтерілуі байқалған.
Облыс әкімі аталған учаскені көріп, жауапты тұлғаларға тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және су жиналуының алдын алу бағытындағы жұмысты күшейтуді тапсырды. Аймақ басшысы су ағар жүйелерін тұрақты тазалап, қажетті техника мен жұмыс күшін толық жұмылдыруды, сондай-ақ, жағдайды тәулік бойы бақылауда ұстауды міндеттеді.
Қазіргі уақытта аталған аумақта 2 тиегіш, 2 JCB арнайы техникасы, 2 Shacman жүк көлігі және 13 адамнан тұратын жұмыс тобы үздіксіз жұмыс жүргізіп жатыр. Мамандар су ағар арықтарды тазалап, топырақ шығару, арықтарды кеңейту және судың бағытын реттеу шараларын атқаруда. Сонымен қатар су ағар науалары мен арықтар күнделікті тазартылып, су ағу жолдары ашылуда.
Аягөз ауданы әкімінің міндетін атқарушы Айбек Нұғымаров Аягөз қаласында көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. Бүгінгі күнге дейін қала көшелерінен 32 мың текше метр қар арнайы белгіленген орындарға шығарылды. Сондай-ақ 8,8 шақырым жабдықталған су ағар арықтар, 12 шақырым жабдықталмаған арықтар және 85 су өткізгіш құбыр тазартылған.
Қажет болған жағдайда қосымша күштерді тарту қарастырылған. «Аягөз-су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының 6 су сору техникасы, теміржол мекемесінің 3 техникасы және №13 өрт сөндіру бөлімінің техникасы дайын тұр. Сонымен қатар төтенше жағдайлар бөлімінде 5 тонна дизель отыны мен 3 тонна АИ-92 бензин қоры әзірленген.
Облыс әкімі сондай-ақ Аягөз қаласындағы 60 пәтерлі тұрғын үйге барып, тұрғындарды баспанамен қамту бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
Аталған тұрғын үй былтыр пайдалануға берілген. Қазіргі уақытта «Отбасы банк» АҚ арқылы пәтерлерді сату жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күнге дейін 8 пәтердің иелері қоныстанған. Сонымен қатар бір бөлмелі 2 пәтер, екі бөлмелі 1 пәтер және үш бөлмелі 2 пәтер Аягөз ауданының тұрғын үй қорына берілген. Бұл пәтерлер әлеуметтік санаттағы азаматтарды баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған.
Аймақ басшысы облыс тұрғындарын баспанамен қамту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасатынын атап өтті.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ



