Абай облысыТОП

Облыс әкімі Аягөз ауданындағы білім нысандарын аралады

Бүгін аймақ басшысы Берік Уәли Аягөз ауданына барып, аудан орталығындағы білім беру нысандарының тыныс-тіршілігімен танысты.

Әуелі облыс әкімі былтыр жеке инвесторлардың қаражаты есебінен салынған «Асыл Ана» балабақшасына барды. 100 орындық мектепке дейінгі білім беру мекемесі 4 топтан тұрады. Екі қабатты ғимараттың жалпы ауданы – 652,2 шаршы метр.

Балабақшада балаларды тәрбиелеу мен оқыту жұмыстары заманауи талаптарға сай ұйымдастырылған. Қазіргі уақытта мұнда 20 қызметкер еңбек етіп, тәрбиеленушілердің жан-жақты дамуына үлес қосуда. Балалардың шығармашылық және физикалық қабілеттерін дамыту мақсатында хореография және каратэ үйірмелері жұмыс істейді.

Мекемеде тәрбиеленушілерге қолайлы жағдай жасалған. Балалар күніне бес мезгіл тамақпен қамтамасыз етіліп, тәрбиелеу мен дамытуға қажетті барлық материалдық база қарастырылған.

Облыс әкімі балабақша ғимаратын аралап көріп, тәрбиешілермен пікірлесті. Мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің заман талабына сай болуының маңызды екенін атап өтті.

Берік Уәли Кешірім Бозтаев атындағы қазақ мектеп-гимназиясының жұмысымен де танысты.

Білім беру мекемесі 1938 жылы ашылған. Жобалық қуаты – 398 оқушы. Екі қабатты мектепте 68 мұғалім еңбек етеді, 663 оқушы бар. Оқушылар таңдауы бойынша математикалық-жаратылыстану және қоғамдық-гуманитарлық бағыттарда білім алады. Ал гимназия сыныптарында қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша тереңдетілген білім беріледі.

Былтыр мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілді. Нәтижесінде білім ордасының материалдық-техникалық базасы толық жаңартылды. Атап айтқанда, жаңа кабинеттер барлық қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілді. Биология, химия, физика, информатика және STEM кабинеттері заманауи құралдармен қайта жабдықталды.

Мектеп директоры аймақ басшысына білім ордасының жанынан қосымша ғимарат салу қажеттігін жеткізді. Оның айтуынша, қазіргі таңда білім мектепте 1200 оқушыға орын тапшылығы бар. Облыс әкімі мектептің оқу кабинеттерін, кітапхана мен музейді аралап, мұғалімдермен пікірлесті. Ауылдық жерлердегі мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту, білім беру сапасын арттыру бағытындағы жұмыстардың жүйелі түрде жалғасатынын атап өтті.

«Күрделі жөндеу жұмыстары жақсы, сапалы жүргізілген екен. Аралап көрдім. Жаңа кабинеттер мен заманауи жабдықтар оқушылардың сапалы білім алуына мүмкіндік береді. Ал қосымша ғимарат салу мәселесін қарастыратын боламыз», – деді облыс әкімі.

Былтыр облыстағы 12 мектепке күрделі жөндеу жүргізуге 2,9 млрд теңге бағытталды. Оның ішінде 9 мектеп толық реновациядан өтіп, заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, облыстың 75 мектебіне 131 оқу кабинеті, оның ішінде 89 жаңа модификациядағы кабинеттер сатып алынды. Сондай-ақ, ауылдағы қосымша білім беруді дамыту мақсатында «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен 36 мектеп 58 кабинетпен және 4 балалар шығармашылық орталығы 500 миллион теңгеге техникалық-ғылыми, stem бағытындағы жаңа модификациялық кабинеттермен жабдықталды.

АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ

Осы айдарда

Back to top button