Абай облысында полицейлер жанып жатқан жүк көлігіндегі өртпен екі сағат күресті

Абай облысында патрульдік полиция қызметкерлері жүргізушіге көмектесіп, Алматы – Өскемен тас жолында жүк көлігінде шыққан ірі өрттің таралуына жол бермеді.
Оқиға автожолдың 660-шақырымында болған. Патрульдеу кезінде Абай облысы Полиция департаментінің патрульдік полиция ротасының инспекторлары — полиция аға лейтенанттары Нұржан Мырзабаев пен Ералы Айткен жол жиегінде жанып тұрған Volvo жүк көлігін байқайды. Жалын тіркемені толық шарпып, қою түтін ондаған метр биіктікке көтерілген.
Уақыт жоғалтпай, полицейлер жолдың бір бөлігін жауып, басқа жол қозғалысы қатысушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз етті және жүргізушіге көмек көрсетті. Бұдан кейін олар жүктің бір бөлігін сақтап қалу және өрттің күшеюіне жол бермеу үшін тіркемені түсіруге тырысты. Алайда мұны толық жүзеге асыру мүмкін болмады — тіркемеде тез тұтанатын пластик бұйымдар болғандықтан, жалын күшейе түсті.
Полиция қызметкерлері дереу өрт сөндіру қызметіне хабарлап, мамандар келгенге дейін өз күштерімен отты тежеуге тырысты. Қатты жел жағдайды күрделендіріп, жалынның таралуына ықпал етті.
Біраз уақыттан кейін оқиға орнына жақын маңдағы Шолпан ауылынан арнайы өрт сөндіру техникасымен еріктілер келді. Полицейлер мен ауыл еріктілері бірлесіп өртті сөндіруге кірісті.
Шамамен 45 минуттан кейін техникалардағы су қоры таусылып, еріктілер су алу үшін ауылға қайта баруға мәжбүр болды. Ал полицейлер осы уақыт аралығында қауіпті аймақта қалып, өрттің одан әрі таралуына жол бермей, жалынды тежеуді жалғастырды.
Кейін оқиға орнына шамамен 130 шақырым жол жүріп келген Үржар ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері жетті. Олардың келуінен кейін өрт толықтай оқшауланып, сөндірілді. Жалпы алғанда, өртпен күрес шамамен екі сағатқа созылды.
Өкінішке қарай, тіркемедегі жүк — пластик бұйымдар — толықтай жанып кетті. Алайда полицейлер мен еріктілердің жедел әрекеттерінің арқасында өрттің басқа көліктерге таралуының алдын алып, одан да ауыр салдардың болуына жол берілмеді.
Қазіргі уақытта өрттің шығу себептері анықталуда. Жүк көлігінің жүргізушісі — Беларусь Республикасының азаматына полиция қызметкерлері көмек көрсетіп, тамақпен және уақытша түнейтін орынмен қамтамасыз етті.



