Абай облысыМәдениетМерекеТОП

Абай облысында «Семейдің мәдени маусымдары» жобасы басталды

Биыл Наурыз мейрамы жалпыұлттық «Наурызнама» онкүндігі аясында әзірленген іс-шаралар жоспарына сәйкес атап өтіледі. 14 наурыз – Амал мерекесіне орай Семей қаласындағы Қарағайлы ықшам ауданындағы республика алаңында «Семейдің мәдени маусымдары» жобасы шеңберінде «Семей көктемі» фестивалі ұйымдастырылды.

Алаңда сахна құрылып, киіз үйлер тігілді. Фестиваль театрландырылған көрініспен басталып, онда үлкендер мен жастар көрісіп, «Амал құтты болсын!» деп қауышу дәстүрі мен аластау рәсімі көрсетілді.

Мерекелік шараға қатысқан облыс әкімі Берік Уәли жиналған жұртшылықты алда келе жатқан Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен құттықтады.

«Төл мерекемізді тойлаудың мазмұнын идеологиялық мәнмен байыта түсу үшін Мемлекет басшысы 2024 жылы мақұлдаған «Наурызнама» тұжырымдамасына сәйкес жаңартылған форматта – Наурызнама онкүндігі аясында өткізілуде. Бұл онкүндіктің басты мақсаты – Наурыз мейрамын тек бір күндік думан емес, тұтас бір ұлттық жаңғыру кезеңіне айналдыру», – деді аймақ басшысы.

Облыс әкімі өңірде аймақтың мәдени өміріне тың серпін беретін жаңа бастама «Семейдің мәдени маусымдары» атты ауқымды жобаның басталғанын жария етті.

«Аталған жоба аясында өңіріміздегі мәдени шаралар жылдың төрт мезгіліне сәйкес ұйымдастырылады. Яғни, «Семей көктемі», «Семей жазы», «Семей күзі», «Семей қысы» атты мәдени маусымдар арқылы жыл бойы халқымыздың өнері мен мәдениеті жаңа мазмұнда насихатталатын болады. Баршаңызға белгілі, Абай атамыздың өзі де төрт маусымды жырға қосып, атақты «Жазғытұры», «Жаз», «Күз», «Қыс», дейтін төрт маусымды бедерлеген классикалық өлең жазған болатын. Біздің «Семейдің мәдени маусымдары» хакім атамыздың осы жырларынан тамыр тартып отырғанын айрықша айта кеткеніміз жөн. Тағы да бір атап өтерлігі, бүгін өздеріңіз жиналып отырған алаң былтыр Республика күнінде пайдалануға беріліп, Республика алаңы деп атау ұсынылған болатын. Алаң төрінде бүгін отанымыздың көк туы желбіреп, тұғырына көтерілді. Көк байрағымыз осы жерде енді үнемі желбіреп тұратын болады», – деді Берік Уәли.

Аймақ басшысы шара барысында Семейді көркейту бағытындағы жұмыстардың қарқынды түрде жалғасып, бірнеше есеге ұлғаятынын, биыл 100 аула абаттандырылып, осынша аулаға асфальт төселетінін, 100 көшеге орташа жөндеу жүргізіліп, осынша көше жарықтандырылатынын айтты. Айта кетейік, былтыр 35 аула абаттандырылып, 40 аулаға асфальт төселіп, 52 көшеге орташа жөндеу жасалып, 15 көше жарықтандырылған болатын.

Мерекелік концертте өңір өнерпаздары мен шығармашылық ұжымдар өнер көрсетті. Айта кетейік, «Наурызнама» тұжырымдамасына сәйкес өткізілетін 10 күндік аясында облыс бойынша 300-ден астам мәдени, әлеуметтік және спорттық іс-шара ұйымдастыру жоспарланған.

АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ

Осы айдарда

Back to top button