Абай облысы

Абай облысында мемлекеттік қызмет саласы бойынша 2025 жылдың қорытындылары шығарылды

Абай облысында 2025 жылы мемлекеттік қызмет жүйесін дамыту, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру, заңнаманың сақталуын бақылау және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілді.

Бүгінде облыс аумағында 378 мемлекеттік орган жұмыс істейді. Оның ішінде 279-ы жергілікті атқарушы органдар, 85-і орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелері, сондай-ақ 14-і тексеру комиссиясы мен мәслихаттар.

Облыстағы мемлекеттік қызметшілердің жалпы штат саны 3800 бірлікті құрайды, ал нақты қызмет атқарып жүргендердің саны 3399 адам.

Мемлекеттік қызметшілердің 58,1% әйелдер құрайды. Басшы лауазымдарда жұмыс істейтін 970 қызметшінің 368-і әйел.

Өңірдегі қызметкерлердің басым бөлігі жоғары білімді: олардың 90,7% жоғары білім алған, ал 21% астамының бірнеше жоғары білімі бар. Мемлекеттік қызметшілердің орташа жасы – 40,1 жас, ал мемлекеттік қызметтегі орташа еңбек өтілі – 10,5 жыл.

Жыл ішінде мемлекеттік қызметке 1366 адам тағайындалды. Оның ішінде 795 адам конкурс арқылы, ал қалғандары ауысу тәртібімен, сайлау нәтижелері бойынша немесе өзге де негіздермен қызметке қабылданған.

Меритократия қағидаты бойынша 2025 жылы облыста барлығы 183 мемлекеттік қызметші жоғары лауазымдарға тағайындалды. Оның ішінде 112 қызметші ішкі конкурстар нәтижесінде, 36 қызметші бағалау нәтижелері бойынша, ал 9 қызметші Агенттіктің келісімімен жоғары лауазымдарға тағайындалған. Сонымен қатар, 42 қызметші ауысу тәртібімен жоғары лауазымдарға орналастырылды.

Сондай-ақ, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 19 мемлекеттік қызметшіге көтерме жәрдемақы берілді. Бұдан бөлек, өңірлік кадр резерві шеңберінде 13 адам, оның ішінде 11-і басшылық лауазымдарға тағайындалды.

Конкурстан тыс тәртіппен жоғары оқу орындарын GPA 3,33 көрсеткішінен жоғары аяқтаған 17 түлек мемлекеттік қызметке қабылданды.

Мемлекеттік қызметшілердің кәсіби біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлінді. Жоспар бойынша 888 қызметші оқытылды, олардың ішінде 299 қызметші қайта даярлау курстарынан, ал 589 қызметші біліктілікті арттыру семинарларынан өтті. Сонымен қатар 163 қызметші тағылымдамадан өтті.

Аталғандардан бөлек, Департамент мемлекеттік қызмет саласындағы заңнама мен мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексі талаптарының сақталуына бақылау шараларын жүргізеді.

Осы ретте, есепті кезеңде барлығы 47 тексеру жүргізіліп, 1526 заң бұзушылық анықталды. Тексеру нәтижесінде 451 мемлекеттік қызметшінің құқықтары қалпына келтірілді.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің әдеп жөніндегі кеңесінің 9 отырысы өткізіліп, онда 43 сұрақ қаралды, оның ішінде 15 тәртіптік іс (35%), 28 профилактикалық мәселелер (65%). Барлығы 58 ұсыным қалыптастырылып, толықтай орындалды.

10 лауазымды тұлғаға тәртіптік жаза қолдану ұсынылды, оның ішінде 7-і мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту», 3-і әдеп нормаларын сақтамағаны үшін «ескерту» түріндегі тәртіптік жазалар. 5 тәртіптік іс заңды негіздер бойынша тоқтатылды.

Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізілді. 2025 жылы облыс бойынша 9,1 миллионнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілді, олардың 95,8% электронды форматта ұсынылған.

Халыққа мемлекеттік қызметтерді көрсету саласында Департамент қызметінің басым бағыттарының бірі болып азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру табылады.

Мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы заңнаманың сақталуына 32 бақылау іс-шарасы жүргізіліп, 2048 заң бұзушылық анықталды. Нәтижесінде 245 қызмет алушының құқықтары қалпына келтірілді.

ҚР Президентінің 2025 жылғы 30 маусымдағы Жарлығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты қалыптастыру мен іске асыру, осы саладағы  үйлестіру, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды барынша азайту, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жөніндегі функциялар мен өкілеттіктер ҚР  Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне берілді.

Осы ретте, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және қоғамда адалдық мәдениетін қалыптастыру бағытында 97 іс-шара өткізіліп, 4000-нан астам адам қамтылды.

Білім беру ұйымдарында «Адал Ұрпақ» және «Саналы Ұрпақ» еріктілер клубтары белсенді жұмыс істеуде. Қазіргі таңда облыстың 286 мектебінде 7300-ден астам оқушы, сондай-ақ 30 студенттік клубта 600-ден астам студент осы бастамаларға қатысуда.

Жалпы алғанда, 2025 жылы Абай облысында мемлекеттік қызмет жүйесін жетілдіру, мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыру және азаматтардың құқықтарын қорғау бағытында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылды.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша департаменті

 

 

Осы айдарда

Back to top button