Ел дамуының жаңа кезеңіне жол ашатын рухани және стратегиялық қадам

Семейде жаңа Конституция жобасын қолдау аясында білім мен болашаққа бағытталған экспромт кездесу өтті. «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының мүшелері өңір педагогтерімен бас қосты. Бұл кездесу тек ресми талқылау ғана емес, ой-пікір алмасу, идея бөлісу және келешек жоспарларды бірге қалыптастыру алаңына айналды. Жаңа Конституция жобасы елдің болашағын анықтайтын стратегиялық бағдар, оның ішінде білім, ғылым және инновацияны дамытуды мемлекеттік қызметтің басымдығы ретінде ресми бекіту – қоғам үшін тарихи маңызды қадам.
ҚР Оқу-ағарту министрі, жалпыұлттық коалиция мүшесі Жұлдыз Сүлейменова: «Жаңа Конституция билік тармақтарының тепе-теңдігін күшейтіп, халықтың шешім қабылдау үдерісіне араласу мүмкіндігін кеңейтеді. Реформалардың өзегінде жауапты әрі жасампаз отаншылдық идеясы мен мемлекеттің жаңа саяси моделі жатыр. Құжат заман талабына сай жасалған және барлық қазақстандықтың мүддесін қорғайды. Конституциялық комиссияның алты мәрте өткен отырысында құжат мәтіні мұқият зерделенді», – деді.
Қазақстанның Еңбек ері, Ұлттық Құрылтай мүшесі Алма Шүкіжанова ұстаздардың рөлін ерекше атап өтіп: «Олар тек білім беруші ғана емес, қоғамдағы ойдың қалыптасуына үлес қосатын тұлғалар», – деп толықтырды.
Кездесуге қатысқан педагогтер өз кезегінде білім сапасын арттыру, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету және инновациялық жобаларды енгізу бағытындағы ойларымен бөлісті.
Бұл кездесу – жаңа Конституцияның қоғам үшін қаншалықты маңызды екенін көрсететін нақты мысал болды. Ол тек қағаздағы өзгеріс емес, ел дамуының жаңа кезеңіне жол ашатын рухани және стратегиялық қадам. Педагогтер қауымының қолдауы мен сенімі – реформаның табысты болуына берілген үміттің, жауапкершіліктің және сенімділіктің айқын көрінісі.



