Төрт аяқты құтқарушылар су айдындарындағы қауіпсіздікті қадағалауда
Шығыс Қазақстанда су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін құтқарушылардан басқа арнайы үйретілген иттер қызметке тұрды. Төрт аяқты құтқарушылар ТЖ қызметінің кәсіби қызметкерлерінен еш кем түспейді және жазғы кезеңде суға түсу үшін қауіпті су айдындарындағы рейдтерге шығарылады, деп хабарлайды Semey News.
Осы жазда құтқарушыларға әртүрлі төтенше жағдайларда зардап шеккендерді іздеуге рұқсаттары бар лабрадорлар – Алеся, Вильсон, Хит көмектеседі.
Құтқарушы итті жарқын көкірекшенің арқасында алыстан көруге болады. Егер құтқарушылар тыйым салынған және қауіпті жерлерде шомылып жүрген тәртіп бұзушыларды тапса, олар профилактикалық әңгіме және нұсқама жүргізеді. Барлық уақытта оның жанында төрт аяқты серіктесі болады. Ол кез келген уақытта көмекке келе алады. Жақын арада иттерді оқыту және суда құтқару бойынша сертификат алу мүмкіндігі туралы мәселе қарастырылуда.
ШҚО ТЖД кинолог-мамандары қызметтік иттерді дайындауда үлкен тәжірибеге ие және практикалық сабақтар өткізеді. Құтқарушы иттердің арасында лабрадор тұқымы негізінен көшбасшы болып табылады, ол өзінің инстинктімен, адамдарға деген сүйіспеншілігімен, батылдығымен, өткір ақылымен ерекшеленеді .
«Біздің өңірде кинологиялық қызметтің құрылуы республикада алғашқылардың бірі болды. Қазір мұндай иттер Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің әрбір құтқару бөлімшесінде бар. Ағымдағы жылы ШҚО ТЖД төрт аяқты құтқарушылары 4 іздестіру-құтқару операцияларына қатысты», – деп атап өтті ШҚО ТЖД өрт сөндіру қызметінің бастығы Марат Әбілсейітов.
«Басты міндет – су айдындарында қаза болудың алдын алу, халықтың қауіпсіздік мәдениетін арттыру» – деп атап өтті ТЖ басқармасының аға офицері Валентин Литвиненко.
Semey News